2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша арнаулы әлеуметтік төлемді 26,1 мың жұмыскер алып отыр. Берілген төлемдердің жалпы сомасы 24 млрд теңгеден асты. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда төлем алушылар саны 3,7 мыңға жуық адамға көбейген, деп хабарланады ҚР Еңбек министрлігінің сайтында.
Арнаулы әлеуметтік төлем заңнамада белгіленген талаптарға сай келетін азаматтарға беріледі. Ол жұмыскерлерге зиянды жағдайдағы еңбек қызметін тоқтатуға немесе қаржылық қолдауды сақтай отырып, қауіпсіз жұмысқа ауысуға мүмкіндік береді.
Төлемді қаржыландыру бірнеше көзден жүзеге асырылады. Олардың қатарында — арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы, сақтандыру төлемдері, жұмыс берушілердің қаражаты, сондай-ақ міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан қаражат бар.
Бұл шара өндірістегі зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт бойы жұмыс істеген азаматтарды қосымша әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз етуге бағытталған.