Қазақстан мектептерінде жасанды интеллектті оқыту кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмысқа құқықтық негіз де күшейтілді. 2025 жылғы қарашада «Жасанды интеллект туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданса, 2026 жылғы мамырда Мемлекет басшысы орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектті енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған құжаттарды іске асыру аясында мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламалары жаңартылды. Соған сәйкес, 1–4-сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал 5–11-сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» болып өзгертілді.
Жаңашылдық тек пән атауымен шектелмейді. Оқу бағдарламаларына жасанды интеллектке қатысты жаңа бөлімдер енгізіліп, барлығы 43 оқу мақсаты қарастырылған.
1–4-сыныптарда «Медиасауаттылық және жасанды интеллект» бөлімі аясында 17 оқу мақсаты енгізілді. Оқушылар күнделікті өмірдегі қарапайым мысалдар арқылы жасанды интеллект негіздерімен танысып, цифрлық қауіпсіздік, жеке деректерді қорғау және цифрлық ортадағы жауапты мінез-құлық қағидаларын меңгереді.
5–9-сыныптарда «Компьютерлік ойлау және бағдарламалау», «Денсаулық, қауіпсіздік және жасанды интеллект» бөлімдері бойынша 14 оқу мақсаты қамтылған. Бұл кезеңде оқушылар жасанды интеллект құралдарын оқу барысында қолдануды, тиімді сұраныс (prompt) құруды, ЖИ нәтижелерін сыни тұрғыдан бағалауды, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен академиялық адалдық қағидаларын сақтауды үйренеді.
10–11-сыныптарда «Деректерді басқару және жасанды интеллект» бөлімі бойынша 12 оқу мақсаты қарастырылған. Жоғары сынып оқушылары жасанды интеллекттің жұмыс істеу қағидаларын, машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау және қолданбалы криптография негіздерін оқиды.
Министрліктің мәліметінше, жаңартылған оқу бағдарламалары өткен оқу жылында сынақтан өткізіліп, оң сараптамалық қорытынды алған. Қазіргі уақытта олар белгіленген тәртіппен бекіту кезеңінен өтіп жатыр.
Сонымен қатар педагогтер үшін білім беру процесінде жасанды интеллектті тиімді әрі қауіпсіз қолдануға арналған әдістемелік ұсынымдар әзірленуде.