Түркістанда Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МКСШК) 94-отырысы өтті. Жиында Сырдария бассейніндегі су ресурстарын есепке алуды автоматтандыру мәселесі талқыланды, деп хабарлайды QazMonitor ҚР су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырыста тараптар Сырдария және Әмудария өзендері бассейндеріндегі 2026 жылғы вегетациялық кезеңге арналған су қоймаларының лимиттері мен жұмыс режимдерін қарады.
Сонымен қатар Сырдария өзені бассейнінде су ресурстарын есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізу жоспарының жобасын әзірлеу мәселесі талқыланды. Отырысқа қатысушылар құжатты әзірлеуді қолдады. Биыл қыркүйекке дейін осы бағытта арнайы жұмыс тобын құру жоспарланып отыр.
Су шаруашылығы ведомстволарының басшылары Дүниежүзілік банкпен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан Орталық Азия елдерінің су ресурстарын тиімді пайдалану саласындағы өңірлік ынтымақтастықты арттыруға бағытталған CAWEC гранттық жобасының іске асырылу барысын да қарады.
Күн тәртібіне Аралды құтқару халықаралық қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының отырыстарында берілген тапсырмаларды орындау мәселесі де енгізілді.
«МКСШК көптеген жылдар бойы Орталық Азиядағы су шаруашылығы мәселелері бойынша шешімдерді келісетін негізгі кәсіби алаң болып келеді. Дәл осы жерде Сырдария мен Әмудария өзендері бассейндерінің трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп басқарудың практикалық тәсілдері әзірленіп, өңір мемлекеттерінің мүдделері арасындағы теңгерім және алдағы кезеңдегі су пайдаланудың тұрақтылығы қамтамасыз етіледі», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Шардараға 3 млрд текше метр су түсті
Айта кетейік, МКСШК жұмысының нәтижесінде биыл Шардара су қоймасына судың тұрақты келуі қамтамасыз етілді.
2026 жылғы 1 сәуірден бері су қоймасына шамамен 3 млрд текше метр су келіп түсті. Бұл өткен жылғы және көпжылдық орташа көрсеткіштерден жоғары.
Вегетациялық кезең аяқталғанға дейін су түсімінің одан әрі жалғасуы күтіледі. Сырдария өзені бассейнінде су шаруашылығы жағдайы қолайлы қалыптасып отыр. Ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне су беру штаттық режимде жүзеге асырылуда.
Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 95-отырысы Түрікменстанда өтеді.
Қазақстандағы су инфрақұрылымы
Еске салайық, Испания Үкіметі Қазақстанның батысындағы «Көкжиде» жерасты су кен орнын зерттеуге грант бөледі.
Сонымен қатар Ислам даму банкі Қазақстанда 135,5 млрд теңгеге ирригациялық нысандарды қалпына келтіруді қаржыландырады. Бұл қаражат 24 жобаны іске асыруға бағытталады.