Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қарағандыда креативті индустрияларды дамытуға бағытталған жаңа жоба басталды
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 11 тамыз, 2026 | 12:37
2 мин. - оқу уақыты

Қарағандыда креативті индустрияларды дамытуға бағытталған жаңа жоба басталды

Алғашқы көрме өңірдің 90 жылдық тарихын бейнелеуге арналған

Фото: Қарағанды облысының әкімдігі
Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағандыда өнерді насихаттау және креативті индустрияларды дамытуға бағытталған жаңа мәдени жоба қолға алынды. Қарағанды облыстық Жастар ресурстық орталығы мен облыстық бейнелеу өнері мұражайы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды QazMonitor.

Әріптестіктің алғашқы нәтижесі ретінде Saryarqa Creative Hub креативті орталығында «09–90. Өлке тарихы картиналарда» атты көрме ашылды.

Жаңа ынтымақтастық аясында мәдени-ағартушылық жобаларды жүзеге асыру, бейнелеу өнерін кеңінен насихаттау және өңір тұрғындары мен қонақтарына қарағандылық суретшілердің шығармашылығын, сондай-ақ креативті индустриялардың түрлі бағыттарын заманауи форматта таныстыру көзделіп отыр.

Қарағанды облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Аслан Қабегеновтің айтуынша, креативті индустрия ұғымы тек қолөнер мен қолданбалы шығармашылықпен шектелмейді.

«Көпшілік креативті индустрияларды тек қолөнермен немесе қолданбалы шығармашылықпен ғана байланыстырады. Алайда бұл – ауқымы кең сала. Оның құрамына бейнелеу өнері, дизайн, 3D-модельдеу және басқа да шығармашылық бағыттар енеді. Біз креативті индустриялардың бар мүмкіндігін көрсету үшін тақырыптық көрмелерді тұрақты ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Бұл кеңістік барлық келушілерге ашық болады. Ал жаңа оқу жылы басталған соң мұнда мектеп оқушылары мен студенттердің ұйымдастырылған топтары келе алады», – деді ол.

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайының директоры Бибігүл Құдабаева бұл ынтымақтастық мұражай қорындағы құнды туындыларды көпшілікке, әсіресе жастарға жақындата түсетінін атап өтті.

«Біз үшін мұражай қорындағы шығармаларды таныстыратын жаңа мәдени алаңдардың ашылуы аса маңызды. Бұл көрмеде топтамамыздың шағын бөлігі ғана ұсынылып отыр. Соған қарамастан, экспозиция келушілердің қызығушылығын арттырып, оларды мұражайға келуге ынталандырады деп сенеміз», – деді Бибігүл Құдабаева.

Меморандум аясында ұйымдастырылған алғашқы көрме Қарағанды облысының 90 жылдығына арналған. «09–90. Өлке тарихы картиналарда» экспозициясында өңірдің алғашқы кеншілер кенттерінен Қазақстанның ірі өнеркәсіптік, ғылыми және мәдени орталықтарының біріне дейінгі қалыптасу жолы көркем туындылар арқылы көрсетілген.

Көрмеге Қарағанды өңірінің индустриялық келбетін, қалалардың өркендеуін, тарихи жадын және табиғатының сұлулығын бейнелейтін кескіндеме мен графика жанрындағы жұмыстар қойылған.

Экспозициядан Гилярий Гилевский, Павел Андриюк, Виктор Буш, Сергей Ежак және Виктор Крыловтың туындыларын көруге болады. Суретшілер өз еңбектерінде кенді өлкенің тарихын, тыныс-тіршілігін, өзіндік болмысын және Қарағанды облысының ондаған жылдар бойғы даму жолын бейнелеген.

Көрме Қарағанды қаласындағы Тәттімбет көшесі, 709 мекенжайында орналасқан Saryarqa Creative Hub креативті орталығында өтеді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.