Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Солтүстік Қазақстан шетелден асыл тұқымды мал әкелуге дайындалып жатыр
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 20 тамыз, 2026 | 16:23
1 мин. - оқу уақыты

Солтүстік Қазақстан шетелден асыл тұқымды мал әкелуге дайындалып жатыр

Қыркүйек–қазан айларында өңірге 2 мыңнан астам ірі қара және 4 мыңнан астам ұсақ мал жеткізу жоспарланған

Фото: ҚР АШМ
Фото: ҚР АШМ

Солтүстік Қазақстан облысы 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында шетелдік асыл тұқымды малды іріктеуге кірісті, деп хабарлайды QazMonitor.

Өңірде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өндіріс көлемін ұлғайтуға, мал табынының генетикалық әлеуетін жаңартуға және саланың өнімділігін арттыруға бағытталған жобалар қолға алынуда.

Осы мақсатта облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов, Мал өсірушілер одағының басшысы Дәурен Салықов және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден құралған делегация Австралиядағы мал шаруашылығы кәсіпорындарын аралады.

Делегация мүшелері мал басын қарап, алдын ала іріктеу жүргізді. Таңдау кезінде малдың асыл тұқымдық және өнімділік қасиеттері, тұқым ерекшеліктері, жасы, тірілей салмағы, денсаулық жағдайы мен сыртқы бітімі ескерілді. Сонымен қатар болашақ табынның өнімділігі мен өсімталдық қасиеттерін айқындайтын басқа да көрсеткіштер назарға алынды.

Бұдан бөлек, малдың құны, ветеринариялық талаптар, карантиндік рәсімдер, логистика және жеткізу мерзімдері бойынша мәселелер пысықталды. Мұндай тәсіл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге малды тек қолжетімділігіне қарай емес, оның сапасы, генетикалық әлеуеті және жобаның экономикалық тиімділігін ескере отырып таңдауға мүмкіндік береді.

2026 жылғы қыркүйек–қазан айларында Солтүстік Қазақстан облысына 2 мыңнан астам ірі қара және 4 мыңнан астам ұсақ мал басын әкелу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, осындай мақсатпен қыркүйек айында Қостанай облысының делегациясы Ирландияға сапарлайды.

Еске салайық, 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар саланы ауқымды дамытуға, инвестиция тартуға және жаңа өндірістік жобаларды іске асыруға бағытталған.

Бұл ретте шаруашылықтарды кеңейтуге, асыл тұқымды мал сатып алуға және заманауи өндірістік базаны қалыптастыруға мүмкіндік беретін жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін маңызды құрал болып отыр.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.