«Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының аумағындағы «Әліби» реинтродукциялау орталығында Пржевальский жылқысының алғашқы құлыны дүниеге келді. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті хабарлады.
«Бұл – халықаралық реинтродукция бағдарламасы аясында Қазақстанға әкелінген жылқылардан алынған алғашқы төл. Еркек құлын туғаннан кейін көп ұзамай өздігінен аяғына тұрып, енесінің соңынан еріп, сүтін еме бастаған», делінген ақпаратта.
Комитеттің мәліметінше, екеуінің де жағдайы жақсы. Құлынның енесі – 2024 жылы Берлин Тирпаркінен Қазақстанға жеткізілген жеті жасар Тесса. Бұл – оның алғашқы төлі.
Айта кетейік, Пржевальский жылқысын Қазақстанға қайтару бағдарламасы 2024 жылы басталды. 2024 жылы 7, 2025 жылы тағы 7, ал 2026 жылы 8 жылқы жеткізілді. 2029 жылға дейін Қазақстанға шамамен 40 жылқы әкелу жоспарланып отыр.