Алматыда қағаз қалдықтарын қайта өңдеу саласында осындай екі жоба жүзеге асырылуда. Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін олардың жиынтық өндірістік қуаты жылына 200 мың тоннадан асады. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ірі жобалардың бірін «KZ Recycling» ЖШС жүзеге асыруда. Жоба аясында қолданыстағы кәсіпорын жаңғыртылып, қағаз қалдықтарын қайта өңдеу қуаты жылына 150 мың тоннаға дейін ұлғайтылады. Жобаның құны шамамен 36,5 млрд теңгені құрайды.
Жоба «Жасыл даму» АҚ тарапынан кәдеге жарату төлемдері есебінен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-мен бірлесіп қаржыландырылды. Қаражат толық көлемде игерілді. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, қажетті инфрақұрылым дайындалуда. Жобаны аяқтау 2028 жылға жоспарланған.
Екінші жобаны «Интер Мульти Сервис» ЖШС жүзеге асыруда. Жоба қолданыстағы қағаз өндіру машинасын жаңғыртуды және кәсіпорынның өндірістік қуатын жылына 50,4 мың тоннаға дейін арттыруды көздейді. Жобаның құны 1,1 млрд теңгеден асады.
Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Кәсіпорынға бояу жабдығы жеткізіліп, оны орнату мен монтаждауға дайындық жүріп жатыр. Сонымен қатар қағаз өндіру машинасының жеткізілуі күтілуде. Өндірістік желіні жаңғырту жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Еске салайық, «Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемдері есебінен жалпы құны 116 млрд теңгеге жуық 30 жобаны қаржыландырды