Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Астанада «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына өтінім қабылдау басталды
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 04 қыркүйек, 2026 | 13:55
2 мин. - оқу уақыты

Астанада «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына өтінім қабылдау басталды

Жоба қыркүйектен бастап 2027 жылдың сәуіріне дейін екі тілде жеті бағыт бойынша өтеді

Liudmyla Honcharova/Pexels
Liudmyla Honcharova/Pexels

Астанада «Кітап оқитын ұлт» атты тұңғыш республикалық кітап оқу марафонына қатысуға өтінім қабылдау басталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба еліміздің барлық өңірінен қатысушыларды біріктіріп, кітап оқуды насихаттауға және оқу мәдениетін дамытуға бағытталған ірі ұлттық бастамаға айналады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Марафон 2026 жылдың қыркүйегінен 2027 жылдың сәуіріне дейін қазақ және орыс тілдеріндегі екі лигада ұйымдастырылады. Жоба жеті бағытты қамтиды:

• «Кітап оқитын мектеп» – 6-10 сынып оқушыларына;

• «Кітап оқитын колледж» – колледж студенттеріне;

• «Кітап оқитын университет» – жоғары оқу орындарының студенттеріне;

• «Кітап оқитын педагог» – мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушыларына;

• «Кітап оқитын әулет» – отбасылық командаларға;

• «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» – мемлекеттік қызметшілерге;

• «Кітап оқитын зиялы» – жасына және қызмет саласына шектеу қойылмайтын азаматтарға арналған.

Әр қатысушы өз бағыты бойынша арнайы жасақталған 330 кітаптың ішінен 15 кітап оқуы тиіс. Оның 165-і қазақ тілінде, 165-і орыс тілінде ұсынылады. Тізімге отандық авторлардың шығармалары, әлем классикасы мен заманауи туындылар енген.

Кітаптарды іріктеу кезінде жалпыұлттық дауыс беру қорытындысымен «100 кітап» тізіміне енген шығармалар, сондай-ақ әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттарын қоса алғанда, әлемдік бестселлерлер ескерілген.

Марафонның негізгі оқу кезеңі биыл қыркүйекте басталып, 2027 жылдың наурызына дейін жалғасады. Қатысушылар оқыған кітаптары туралы қысқаша пікірлерін жеке кабинеттерінде жариялайды. 2027 жылдың наурыз-сәуір айларында қорытынды тестілеу мен зияткерлік викториналар ұйымдастырылады.

Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар беріледі:

• 1-орын – 600 000 теңге;

• 2-орын – 450 000 теңге;

• 3-орын – 300 000 теңге.

Барлық финалист дипломдармен және электронды сертификаттармен марапатталады.

«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков жобаның мақсаты байқаумен ғана шектелмейтінін атап өтті.

«Бүгін біз «Кітап оқитын ұлт» атты тұңғыш республикалық марафонға тіркеу ашып, осылайша әртүрлі жастағы, түрлі мамандық иелері мен қызығушылық танытқандарды кітап төңірегіне топтастыратын үлкен жалпыұлттық қозғалысқа жол ашып отырмыз.

Баршаңызды марафонға қатысуға шақырамын. Бірлесе отырып, кітап оқуды Қазақстандағы қазіргі өмірдің маңызды бөлігіне айналдырып, кітап оқитын ұлттың – мықты, білімді әрі ойлы ұлт екенін көрсете аламыз деп сенемін», – деді Бақытжан Тұрлыбеков.

Қатысу тәртібі, бағыттар бойынша ережелер мен кітаптар тізімі жобаның ресми сайтында жарияланған: www.reading-nation.kz.

Республикалық марафонды іске асыруға бірқатар маңызды серіктес атсалысады. Қазақстан Жазушылар одағы, Креативті индустрияларды дамыту қоры, KITAP және «Яндекс Кітаптар» цифрлық платформалары оқу мәдениетін дамытуға, заманауи әдеби бастамаларды қолдауға және оқырмандардың кітаппен өзара байланысының жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыруға үлес қоспақ.

Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.