Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстанда 2035 жылға қарай елдімекендер 80%-ға дейін газдандырылмақ
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 10 қыркүйек, 2026 | 15:43
1 мин. - оқу уақыты

Қазақстанда 2035 жылға қарай елдімекендер 80%-ға дейін газдандырылмақ

Қазір табиғи газ 13,1 млн қазақстандыққа қолжетімді

Фото: Руслан Пряников
Фото: Руслан Пряников

Қазақстанда 2035 жылға қарай халықтың газбен қамтылу деңгейін 80%-ға жеткізу жоспарланып отыр. 2026 жылдың басындағы жағдай бойынша елімізде 13,1 млн адам немесе халықтың 64,2%-ы табиғи газға қол жеткізді.

2025 жылы 94 елді мекендегі 354 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қосылды. Ал 2026 жылы іске асырылып жатқан жобалар нәтижесінде тағы шамамен 36 мың адамның көгілдір отынға қол жеткізуі көзделген.

Өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз ету үшін газ тасымалдау инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. 2026 жылдың соңына дейін «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші тармағының желілік бөлігін аяқтау жоспарланған. Оның өткізу қабілеті жылына 10 млрд текше метрге дейін жетеді. 2027-2029 жылдары құбырдың өткізу мүмкіндігін 15 млрд текше метрге дейін арттыру көзделіп отыр.

Газ өңдеу қуаттары да кезең-кезеңімен ұлғайтылуда. Қашағанда жылына 1 млрд және 2,5 млрд текше метр газ өңдейтін жобалар іске асырылып жатыр. Қарашығанақта қуаты жылына 5 млрд текше метрге дейінгі газ өңдеу зауытын салу мәселесі пысықталуда. Ал Жаңаөзенде жылына 900 млн текше метрге дейін газ өңдейтін зауыттың құрылысы жүргізілуде.

Солтүстік өңірлерді газбен қамтамасыз ету бағытында «Есіл – Астана» магистральдық газ құбырын салу жобасы да қарастырылып отыр. Жоба іске асқан жағдайда Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларын тұрақты газбен қамтамасыз етуге, сондай-ақ солтүстік өңірлерге табиғи газ жеткізу бағыттарын әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Қазақстанда газдандыруды одан әрі кеңейту 2035 жылға дейінгі Бас газдандыру схемасы аясында жүзеге асырылады. Энергетика министрлігі халықты табиғи газбен қамту деңгейін 80%-ға жеткізу жөніндегі Жол картасын әзірлеп жатыр.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.