Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Алматыда жаңа мектептер мен амбулаториялар ашылады
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 14 қыркүйек, 2026 | 10:52
1 мин. - оқу уақыты

Алматыда жаңа мектептер мен амбулаториялар ашылады

Мегаполисте әлеуметтік және спорттық нфрақұрылымдар құрылысы жалғасады

Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда жыл соңына дейін жаңа мектептер мен дәрігерлік амбулатория ашылады. Қала бюджеті нақтыланған кезде қаражаттың едәуір бөлігі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталады. Бұл туралы мәслихат отырысында Алматы қаласы Экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов мәлімдеді.

Әуезов ауданында екі мектептің құрылысы жалғасады. 11-шағынаудандағы 1 200 орындық мектепті жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар №158 мектептің қазіргі ғимаратын бұзып, оның орнына 900 орындық жаңа мектеп салу көзделіп отыр. Ақсай-2 шағынауданындағы №42 мектепті қайта жаңғырту жұмыстары да жалғасады.

Денсаулық сақтау саласында Абай даңғылы, 69 мекенжайында орналасқан оқу-клиникалық орталықтың апатты жағдайдағы ғимаратын балаларды оңалту жөніндегі қалалық орталыққа бейімдеп қайта жаңғырту жұмыстары басталады.

Шұғыла шағынауданында бір ауысымда 200 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жалғасады. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

Бұдан бөлек, сұранысқа ие медициналық мамандықтар бойынша 120 резидент даярлауға қаражат қарастырылған.

Спорт саласында Түрксіб ауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.