Қазақстанда егістік құрылымындағы дәнді дақылдардың үлесі бидай алқаптарының қысқаруы және майлы дақылдар алқабының 5,2 млн гектарға дейін ұлғаюы есебінен 72%-дан 66%-ға дейін төмендеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, биылғы егін жинау науқаны былтырғы қарқыннан жылдамырақ жүріп жатыр. Еліміздегі жалпы егін жинау алаңы 24,2 млн гектарды құрайды. Оның 15,6 млн гектардан астамы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарға тиесілі.
2024 жылдан бері майлы дақылдар алқабы 2,2 млн гектарға ұлғайтылды. Соңғы екі жылда жүгеріні өңдейтін кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету үшін қосымша 120 мың гектар жер бөлінді. Нәтижесінде жалпы егіс құрылымындағы майлы дақылдардың үлесі 13%-дан 18%-ға дейін өсті.
«Бүгінгі таңда 13,5 млн гектар астық немесе жалпы егіс алқаптарының 83%-ы жиналды, орташа өнімділік – гектарына 14,7 центнер. Осы кезеңде 19,9 млн тонна астық бастырылды. Дәнді дақылдардың жалпы көлемі орташа көпжылдық мәндерден жоғары болады деп болжануда. Бұл ішкі нарықты астықпен, жем-шөппен және тұқыммен толық көлемде қамтамасыз етуге, сондай-ақ экспорт көлемін сақтауға мүмкіндік береді», – деп баяндады Азат Сұлтанов.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, қазірдің өзінде 2,4 млн гектардан майлы дақылдар жиналып, 2,4 млн тонна тұқым бастырылды. Егін жинау науқанының қорытындысы бойынша 5 млн тоннадан астам майлы дақыл өнімі жиналады деп күтілуде.
Сонымен қатар, 2,9 млн тонна көкөніс, 2,3 млн тонна бақша өнімі және 2,5 млн тонна картоп жиналды. Мақтаның орташа өнімділігі гектарына 32 центнерді құрап, осы кезеңде 70,5 мың тонна шикізат алынды. Бұл ретте тамшылатып суару қолданылатын алқап көлемі соңғы екі жылда 3 мың гектардан 80 мың гектарға дейін ұлғайды.
Вице-министрдің айтуынша, Батыс Қазақстан облысында астық жинау жұмыстары толығымен аяқталды. Шығыс Қазақстан, Павлодар, Жамбыл және Қарағанды облыстарында егістік алқаптарының 95%-дан астамы жиналды.