Қазақстанда ағза трансплантациясын күтіп жүрген 4 867 пациент бар. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығы хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша трансплантация кезегінде 4 867 пациент тұр. Олардың 126-сы – бала. 4,2 мыңнан астам адам бүйрек трансплантациясын күтіп жүр. Қалған пациенттерге бауыр, жүрек немесе өкпе трансплантациясы қажет.
Қазір Қазақстанда 11 трансплантация орталығы мен HLA-типтеу бойынша бес зертхана жұмыс істейді. Трансплантация мен жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталық қызмет етеді. Сондай-ақ өңірлер мен стационарларда трансплантация үйлестірушілерінің желісі құрылған.
Еліміздегі трансплантация операцияларының жылдар бойынша көрсеткіші мынадай:
• 2023 жылы – 236 трансплантация;
• 2024 жылы – 260;
• 2025 жылы – 310;
• 2026 жылғы қаңтар–қыркүйек аралығында – 208 операция.
Қазақстанда қайтыс болған донорлардың ағзаларын пайдалану арқылы жасалған трансплантация саны да артып келеді. 2024 жылы мұндай 23 операция жасалса, 2025 жылы олардың саны 68-ге жеткен. Ал 2026 жылдың тоғыз айында тағы 42 операция жүргізілді.
«Бұл нәтижелер трансплантациялық көмектің мүмкіндіктері кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Алайда жүйені одан әрі дамыту медициналық технологиялар мен инфрақұрылымға ғана емес, донорлық ағзалардың қолжетімділігіне де байланысты. Әр санның артында тағдыры трансплантацияны күтуге байланысты адамдар тұр. Олар қалыпты өмірге оралуды, отбасымен бірге болуды және болашаққа жоспар құруды үміт етеді.
Сондықтан ағза донорлығын дамыту – тек медициналық міндет емес. Бұл қоғамның ақпараттануымен, жүйеге деген сеніммен және әр адамның өз ұстанымын саналы түрде айқындау мүмкіндігімен де байланысты», – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігі.
Қазақстан азаматтары қайтыс болғаннан кейін донор болуға қатысты өз еркін медициналық ұйымдар арқылы немесе eGov порталының көмегімен білдіре алады. Азаматтар келісім беруге немесе бас тартуға, сондай-ақ шешімінің қай ағзаларға қатысты екенін көрсетуге құқылы. Қажет болған жағдайда өз шешімін өзгерте алады.
«2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша eGov арқылы 184 191 ерік білдіру тіркелген. Оның ішінде 17 158 адам қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісім берген, ал 167 033 адам бас тартқан. Ұсынылған деректерге сәйкес, бір жыл ішінде келісім бергендер саны 75%-ға, ал тіркелген ерік білдірулердің жалпы саны 31%-ға өскен.
Шешімдер ерікті түрде, шынайы ақпарат пен донорлық жүйенің қалай ұйымдастырылғанын және қандай құқықтық кепілдіктер қарастырылғанын түсіну негізінде қабылдануы маңызды», – деп мәлімдеді ведомство.
Еске салайық, Қазақстанда донорларға арналған арнайы марапат енгізілген.
Елімізде жыл сайын 180 мыңнан астам азамат қан доноры атанып, 255 мыңнан астам қан тапсыру рәсімін өткізеді. Осының арқасында жыл сайын 80 мыңнан астам пациентке сапалы қан құю мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Бұл олардың өмірін сақтап қалуға және сауығуына мүмкіндік береді.