Қазақстан Дүниежүзілік банктің статистикалық тиімділік көрсеткіштері (SPI) рейтингінде бірден 21 орынға жоғарылап, әлемдегі 217 елдің ішінен 44-орынды иеленді. Былтыр 65-орында болған еді.
Дүниежүзілік банк жыл сайын ресми түрде танылған халықаралық дереккөздер негізінде қалыптастырылатын статистикалық тиімділік көрсеткіштері (Statistical Performance Indicators – SPI) рейтингін жариялайды. Бұл рейтингте ұлттық, өңірлік және жаһандық бағалауларды қоса алғанда, әлемдік даму туралы өзекті әрі дәл деректер жинақталған.
«Статистикалық тиімділік көрсеткіштері ұлттық статистика жүйесінің деректерді пайдалану, көрсетілетін қызметтер, статистикалық өнімдер, дерек көздері мен деректер инфрақұрылымы сияқты критерийлер бойынша мүмкіндіктерін көрсетеді. Бағалау диапазоны – 0-ден 100-ге дейін, 100 – ең жоғары деңгей», делінген Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ақпаратында.
Былтырғы деректерге сәйкес, Қазақстанның ұлттық статистика жүйесі 100 мүмкін балдың 79,8-ін жинады. Жалпы көрсеткіштің өсуіне келесі компоненттердің жақсаруы ықпал етті: «Деректерді пайдалану» – +10, «Дерек көздері» – +10,2, «Деректер инфрақұрылымы» – +10 және «Деректерді ұсыну қызметтері» – +1,1 балл деп бағаланған.
Қазақстан енді статистикалық тиімділігі бойынша Норвегия, Швеция және Канада сияқты әлемдік көшбасшы елдердің (SPI-2024 рейтингінің үздіктері) қатарына бір табан жақындады.