Ташкентте өтіп жатқан Транскаспий халықаралық көлік дәлізі және өзара байланыс жөніндегі Инвесторлар форумы аясында Ақтау портына Еуропалық Одақ грантын бөлу туралы келісімге қол қойды.
Бұл құжат Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) ұсынған 35 млн доллар кредит пен Еуропалық Одақтың 10 млн доллар көлеміндегі қайтарымсыз грантынан тұратын біртұтас қаржылық пакетті қалыптастыру жұмысының қорытындысы болды.
ЕуроОдақ пен ЕҚДБ жүргізген бірлескен стратегиялық зерттеулерге сәйкес, Ақтау порты Транскаспий халықаралық бағытының негізгі буындарының бірі ретінде танылған. Қаражат екі айлақты жаңғыртуға және ұзартуға, сондай-ақ ауа райына төзімді жаңа айлақ крандарын сатып алуға бағытталады. Бұл контейнерлік жүктерді ауыстырып тиеу мүмкіндігін айтарлықтай арттырмақ.
Жоспарланған жаңғырту нәтижесінде порттың өткізу қабілеті жылына қосымша 0,5 млн тоннадан астам жүкке ұлғаяды. Сонымен қатар бір мезетте төрт толық көлемді кемеге қызмет көрсету мүмкіндігі пайда болады.
ЕуроОдақ бұған дейін Транскаспий бағытын дамытуға 10 млрд доллар резервтеу туралы жариялаған болатын. Осы дәліздің орталық буыны ретінде Қазақстан порт, теміржол және логистикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға мүмкіндік алады. Осылайша бұл оның Орталық Азияның жетекші транзиттік хабы ретіндегі ұстанымын нығайтып, транзиттік кірістердің өсуін қамтамасыз етпек.
Дереккөз: ҚТЖ