Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстан ірі қара мал етін экспорттауға жаңа квота тәртібін енгізді
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 04 желтоқсан, 2025 | 11:17
1 мин. - оқу уақыты

Қазақстан ірі қара мал етін экспорттауға жаңа квота тәртібін енгізді

Жаңа талаптар 2025 жылдың соңына дейін қолданылады

Freepik
Freepik

2025 жылғы 3 желтоқсаннан бастап Қазақстанда ірі қара мал етін үшінші елдерге және ЕАЭО мемлекеттеріне экспорттауға арналған квота жүйесі ресми түрде іске қосылды.

Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі сиыр етін сыртқа шығаруға жылдық 13 мың тонна көлемінде лимит бекітті. Бұл шектеу ішкі нарықты тұрақтандыру және экспортты жүйелі бақылау мақсатында енгізіліп отыр.

Кәсіпорындарға берілетін квота көлемі олардың бордақылау алаңының қуатына тікелей байланысты, атап айтқанда:

- 5 000 бастан жоғары – 1000 тонна,

- 10 000 бастан жоғары – 2000 тонна,

- 15 000 бастан жоғары – 3000 тонна,

- 20 000 бастан жоғары – 4000 тонна.

Квота тек өз бордақылау алаңындағы малдан алынған етке беріледі. Жаңа талаптарға сәйкес, экспорттаушыда:есепке алу нөмірі бар ет комбинаты,кемінде 5 мың басқа арналған тіркелген бордақылау алаңы,жасы 12 айдан асқан, RFID құлақ белгілері бар мал,кемі төрт айлық бордақылау мерзімі, сыртқы экономикалық келісімшарттар болуы шарт.

Квотаны есептеу кезінде бір бастың орташа тірі салмағы 200 келі деп алынады.

Квоталар Е-лицензиялау порталы арқылы автоматты түрде ұсынылады. Экспортқа рұқсат алған компаниялар лицензия мерзімі аяқталғаннан кейін 15 күн ішінде оның орындалуы туралы есеп тапсыруға міндетті. 

Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл шара ішкі нарықты қорғауға, мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын реттеуге және өндірушілер арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

Дереккөз: ҚР АШМ

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.