ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев сумен жабдықтау және канализация жүйелерін басқару саласындағы әлемдік көшбасшы Aqualia S.A. халықаралық су компаниясының басшылығымен кездесті.
Министр былтыр Қазақстанда «Энергетика және коммуналдық қызметтер саласын жаңғырту» ұлттық жобасы іске қосылғанын айтты. Жоба ескірген инфрақұрылымды жаңартуға, цифрлық технологияларды енгізуге және коммуналдық жүйелердің тұрақтылығын арттыруға бағытталған.
Министрлік мәліметінше, су инфрақұрылымы тұрғысынан шамамен 8 мың км сумен жабдықтау және кәріз желілерін жаңғырту, сондай-ақ кәріз тазарту нысандарының 45 жобасын іске асыру жоспарланып отыр.
Ерсайын Нағаспаев Қазақстан Президенті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық секторын реформалауға халықаралық басқарушы компанияларды белсенді тарту мақсатын қойғанын атап өтті. Осыған байланысты Aqualia компаниясының тәжірибесі, соның ішінде шетелдегі ірі жобалар ерекше құнды.
Тараптар Оралдың сумен жабдықтау және ағынды су жүйелерін Aqualia компаниясына беру мүмкіндігін, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы әкімдігімен бұрын қол қойылған меморандумда көзделген бастамаларды одан әрі іске асыруды талқылады.
Министрлік ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін білдіріп, Қазақстанның коммуналдық инфрақұрылымын кешенді жаңғырту үшін халықаралық тәжірибенің маңыздылығын атап өтті.
Дереккөз: Өнеркәсіп министрлігі