Денсаулық сақтау министрлігі 2025 жылы шұғыл жағдайлар мен жаңадан анықталған пациенттерді тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатында төмендетілмейтін қор көлемін едәуір ұлғайтты. Министрлік шешімімен бірыңғай дистрибьютордың өз қаражаты есебінен дәрілік заттардың резерві 21 млрд теңгеге дейін көбейтілді. Бұл пациенттерді 2–3 айға қажетті препараттармен қамтамасыз етуге жетеді.
Келер жылдан бастап төмендетілмейтін қордың атаулары да кеңейтілді: бұрынғы 12 позицияның орнына тізім 341 дәрі-дәрмекке дейін өсіп, жүрек-қан тамырлары, онкологиялық, эндокриндік және сирек кездесетін аурулар сияқты негізгі нозологиялар бойынша маңызды препараттарды қамтитын болды.
Жаңартылған қор емдеудің үздіксіздігін сақтауға, сұраныс күрт өскен кезде немесе жеткізу тізбегінде кідірістер туындаған жағдайда жедел әрекет етуге және ұлттық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінің тұрақтылығын арттыруға бағытталған.
Жеткізуді жылдамдату мақсатында «СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибьюторы логистикалық жүйені кеңінен оңтайландырды: дәрі-дәрмек жеткізу уақыты 10 күннен 5 жұмыс күніне дейін қысқарды, ал операциялық қоймалар саны 9-дан 18-ге көбейді. Бұл орталық хабтарға түсетін жүктемені азайтып, әсіресе шалғай аймақтарда препараттардың жылдам және тұрақты жеткізілуін қамтамасыз етпек.
Денсаулық сақтау министрі аталған өзгерістердің стратегиялық маңызын атап өтті.
«Біздің басты міндетіміз – өңірге қарамастан әрбір пациент қажетті дәрі-дәрмектерді уақтылы алуы. Төмендетілмейтін қорды ұлғайту және логистиканы жаңғырту – бұл дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінің тұрақтылығы үшін стратегиялық қадамдар», – деді Ақмарал Әлназарова.
Дереккөз: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі