Жамбыл облысында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Келесі жылы 15 жоба іске қосылады. Алдағы бес жылда «Жамбыл электр желілері» ЖШС 1,4 мың шақырым желіні жаңартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешовтың өңір тұрғындарымен кездесуі барысында белгілі болды.
Қазіргі күні Жамбыл МАЭС-інде қуаты 210 МВт болатын бес газтурбиналық қондырғы салынуда. Олар 2027 жылы іске қосылады деп жоспарланған.
Сондай-ақ Энергетика министрлігі «KEGOC» АҚ-мен бірге Алматы-Шу-Тараз-Шымкент бағыты бойынша ұзындығы 475 км болатын 500 кВ жаңа электр жеткізу желісін салып жатыр. Аталмыш жоба оңтүстік өңірлердің энергиямен қамту сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жылуэнергетика инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жалғасуда. Ағымдағы жылы Таразда 15 шағын ауданда қосалқы станса құрылысы және №3 жылу магистральін реконструкциялау басталды. №1 жылу магистралі жаңартылып, жаңа шағынауданда ішкі жылу желілерін салу жұмыстары аяқталды. Бұған қоса, Қордай ауданында 220 кВ қосалқы станса мен электр желісі салынып, Тараздағы №4 аудандық қазандық кеңейтіледі.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, облыста жалпы қуаты 560 МВт болатын 21 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді. 2030 жылға дейін Total және Masdar сияқты ірі халықаралық инвесторлармен бірге қосымша 2,08 ГВт жобаны іске асыру жоспарланған.
Биыл Қордай, Мойынқұм және Талас аудандарындағы ауылдарды газбен қамтамасыз етуге бағытталған төрт жоба жүзеге асырылуда. Бұл шамамен 2,5 мың адамды табиғи газбен қамтамасыз етіп, өңірдің газдандыру деңгейін 91,3%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында тұрғындар инфрақұрылымды жаңғырту, газ және электрмен жабдықтау, сондай-ақ ЖЖМ қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Вице-министр әрбір сұраққа нақты жауап беріп, барлық көтерілген мәселелер тіркеліп, министрлікте қарастыру үшін жолданды.
Жұмыс сапары барысында Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов Т.И. Батуров атындағы Жамбыл МАЭС-ін, «ТаразЭнергоЦентр» АҚ-ға қарасты ЖЭО-4 және ТҚ-4 нысандарын аралап, кәсіпорын басшыларынан энергетикалық объектілердің қазіргі жағдайы мен жаңғырту жоспары туралы ақпарат алды.
Дереккөз: Энергетика министрлігі