Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстан-Иран бизнес форумында президенттер не айтты
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 11 желтоқсан, 2025 | 18:21
3 мин. - оқу уақыты

Қазақстан-Иран бизнес форумында президенттер не айтты

Қазақстанда Иран кәсіпкерлері ашқан 350-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді

telegram / aqorda_resmi
telegram / aqorda_resmi

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Масуд Пезешкиан Қазақстан-Иран бизнес форумына қатысты. Былтыр екі ел арасындағы сауда-саттық 340 миллион доллардан асқан. Қазақстан Президентінің сөзінше, биыл бұл көрсеткіш бірнеше есе артады деген болжам бар.

Оның сөзінше, соңғы 20 жылда Иран Қазақстанға 226 миллион доллардан астам инвестиция салды. Қазір елімізде Иранның іскерлік қауымдастығы ашқан 350-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр.

Президент Тоқаев «Қазақстан – Түрікменстан – Иран темір жолы арқылы жүк тасымалдау көлемі 2030 жылға қарай екі есеге дейін артуы мүмкін» екенін айтты.

Сонымен қатар ол ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастықты дамыту қажеттігіне назар аударды. Бүгінде Иран – Қазақстан астығын сатып алатын негізгі елдің бірі. Былтыр агроөнеркәсіп кешеніндегі тауар айналымы 220 миллион долларға жетсе, биылғы он айдың ішінде астық саудасы 280 миллион долларға жуықтады. Иранның Solico Group компаниясын ерекше атап өтуге болады. Бұл компания елімізде жылына 200 мың тонна өнім шығаратын сүт комбинатын салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ балаларға арналған тағам өнімдерін даярлау ісін қолға алмақшы.

Бұған қоса өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізін және оның экожүйесін сақтап қалудың маңызына тоқталды.

Сонымен бірге жаппай цифрландыру үдерісіне айрықша көңіл бөлу керек екенін атап өтті. Биыл Қазақстанда Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютер іске қосылып, Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Бұдан бөлек, Алатау қаласын көркейтуге баса мән беріп отырғанын атап өтті. Бұл жоба криптоиндустрияны, инновацияны және технологиялық бизнесті өркендетуге мүмкіндік береді. Иран компанияларын тығыз байланыс орнатуға шақырды.

Өз сөзінде Масуд Пезешкиан Иран – Қазақстан бірлескен кеме қатынасын жолға қоюға, Каспий теңізінде консорциум құруға, Ақтау портында ауыл шаруашылығы өнімдеріне арналған қоймалар мен тарату орталығын ашуға, Қазақстанда тағам өнімдерін және қағаз қаптамаларын шығаратын бірлескен зауыт ашуға, Алматыда ирандық құрылыс материалдарының экспорттық паркін жасақтауға уағдаласқанын атап өтті. Сондай-ақ минералогия, шикізатты өңдеу және аймақтық экспортты өркендету салаларында ықпалдастық орнатты. Иран – Қазақстан бірлескен сауда кеңесінің құрылуын, тікелей әуе рейстерін дамытуды, кәсіпкерлерге виза режимін жеңілдетуді, екі елдің сауда көрмелерін тұрақты түрде ұйымдастыруды қолдайтынын жеткізді.

Дереккөз: Ақорда

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.