Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Нидерланды сарапшылары қазақстандық мамандарға тасқын қаупін болжауды үйретіп жатыр
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 12 желтоқсан, 2025 | 10:00
1 минут - оқу уақыты

Нидерланды сарапшылары қазақстандық мамандарға тасқын қаупін болжауды үйретіп жатыр

Мамандар тасқын қаупін модельдеу және болжауды үйренді

gov.kz
gov.kz

Астанада Deltares институты әзірлеген Wflow гидрологиялық модельдеу бағдарламасын қолдану бойынша нидерландтық сарапшылардың тренингі басталды. Оқу іс-шарасы Су ресурстары және ирригация министрлігі, Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы елшілігі және Shell Kazakhstan компаниясының қолдауымен ұйымдастырылды.

Wflow бағдарламалық қамтамасыз етуі су бассейндеріндегі толық гидрологиялық циклді – су тасқынын болжаудан бастап жерасты су ресурстарын толықтыруға дейін модельдеуге мүмкіндік береді.

Тренинг барысында қатысушылар Ақтөбе облысындағы Елек өзені бассейні бойынша ашық деректерді пайдаланып, бағдарламамен жұмыс істеудің практикалық дағдыларын меңгереді. Тренингте «табиғи» және «реттелетін» ағын режимдерін бағалау үшін су қоймаларын есепке ала отырып, өзен ағынын модельдеу жүргізіледі. Қатысушылар модельдерді калибрлеу және климат өзгерісінің әсерін бағалау тәсілдерін де игереді.

«Семинар қазақстандық мамандардың тасқын қаупін болжау және басқару дағдыларын арттыруға бағытталған. Мұндай тренингтер Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отырған жоқ. Нидерланды гидрологиялық процестерді модельдеу және болжау саласында озық технологияларға ие. Сол себепті министрлігіміз голландиялық әріптестермен тәжірибе алмасу, ғылыми ынтымақтастық, заманауи цифрлық жүйелерді енгізу және онымен жұмыс істеуді үйрету бағытында белсенді ынтымақтастық орнатып жатыр», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов.

Айта кетейік, өткен жылы Министрлік Нидерланды Сыртқы істер министрлігі және Делфттегі Су білім беру институтымен (IHE Delft) ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойған болатын. Құжаттар тасқын суды басқару тәжірибесін алмасуды, Нидерландының өзен ағындарын реттеу тәсілдерін зерделеуді және су саласындағы инновациялық технологиялар бойынша өзара іс-қимылды қамтиды.

Еске салсақ, бұған дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі биыл Қазақстанда 800-ден астам су саласының маманы біліктілігін арттырғанын хабарлаған болатын. 

Дереккөз: Су министрлігі

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.