Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстанның екі елмен шекарасында көлік өткізу пункті ашылды
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 12 желтоқсан, 2025 | 15:05
2 мин. - оқу уақыты

Қазақстанның екі елмен шекарасында көлік өткізу пункті ашылды

Жаңғырту жұмыстары шекараларда орналасқан 9 өткізу пунктін қамтыды

telegram / KZgovernment
telegram / KZgovernment

Қазақстанда жаңғыртудан өткен екі автомобиль өткізу пункті пайдалануға берілді. Өзбекстанмен шекарада орналасқан «Қазығұрт» және Түркіменстанмен шекарада орналасқан «Темір баба» пункттері жұмысын бастады.

ҚР қаржы министрі Мәди Такиев жаңғырту бағдарламасы Қытай, Өзбекстан және Түрікменстанмен арадағы шекараларда орналасқан барлығы 9 өткізу пунктін қамтығанын атап өтті. «Қапланбек», «Атамекен», «Қалжат» және «Алакөл» сияқты бірқатар нысандағы жұмыстар аяқталған. Ал жыл соңына дейін «Тәжен», «Майқапшағай» және «Бақты» пункттерін жаңғыртудан өткізу көзделіп отыр.

Заманауи технологияларды енгізудің нәтижесінде пункттерде шекарадан өту уақыты 30 минутқа дейін азайып, өткізу қабілеті тәулігіне 1 000 көлікке дейін ұлғайтылды. Қазір жаңартылған өткізу пункттері арқылы көлік ағыны 2,5 есе артты. Мәселен, 2022 жылы шекараны 640 мың автомобиль кесіп өтсе, бүгінде бұл көрсеткіш 1,5 млн-ға көбейді.

Айта кетейік, «Қазығұрт» өткізу пункті – халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи технологиялық кешен. Мұнда көлікті тіркеудің автоматтандырылған жүйесі, озық сканерлеу жабдықтары, салмақ-габарит өлшеу жүйелері, сондай-ақ рентген-телевизиялық қондырғылар, «тепловизорлар» және радиациялық бақылау құралдары іске қосылған. Қозғалыс ағыны жаяу жүргіншілер, жеңіл және жүк көліктері деп арнайы бөлінген. Бұл қауіпсіздікті арттырып, қозғалысқа жайлы жағдай жасайды. Жүк көліктері үшін техникалық бақылаудан тоқтаусыз өтуге мүмкіндік беретін автоматтандырылған дәліздер қарастырылған.

Министрлңе инфрақұрылымды жаңартумен қатар кеден рәсімдерін цифрландыру бойынша да қарқынды жұмыстар жүргізіп жатыр. Атап айтқанда Keden ақпарат жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр, онда толық интеграцияланған цифрлы кеден жүйесіне көшу қарастырылған. Жүйе экспресс-жүктермен жұмысты, тауарларды есепке алуды және виртуалды қоймаларды автоматтандырды. Қазір жасанды интеллект негізінде тауарлар мен қызметтерді декларациялау модулін іске қосу қолға алынған. Мақсат – электронды декларацияның толық циклін аяқтап, 2026 жылдан бастап тиімділікті бақылау, сараптау және бағалау үшін жаңа модульдерді енгізу. Бұл бизнес үшін жұмысты айтарлықтай жеңілдетіп, қызмет көрсетуде жеделдете түседі.

Сонымен қатар Үкімет биыл Өзбекстанмен шекарадағы «Жібек Жолы» өткізу пунктін ауқымды жаңғырту басталғанын еске салды.

Бұған қоса, Қазақстан Қытаймен бірлесіп «Бақты-Покиту» жобасын бастады. Қытай тарапы екі аумақта да толық автоматтандырылған логистикалық орталықтар құруға шамамен $50 млн көлемінде инвестиция жұмсауды жоспарлап отыр. Жоба аясында жүктерді тасымалдауға ұшқышсыз басқарылатын электр шаттлдарын пайдалану, «ақылды» логистиканы, AGV-терминалдарды, зарядтау стансаларын енгізу және бүкіл өңірдегі ең технологиялық көлік дәліздерінің бірін құрып, екі мемлекеттік цифрлық жүйенің толық интеграциясын қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Дереккөз: Үкімет

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.