Қаржы министрі банктер мен қаржы ұйымдары үшін бірнеше дерек ұсыну нысандарын бекітетін бұйрыққа қол қойды. Ол 2026 жылғы 1 қаңтардан күшіне енетін Салық кодексінің нормаларын іске асыруға бағытталған және банк ұйымдарының мемлекеттік кірістер органдарына ақпарат ұсыну тәртібін нақтылайды.
Бұйрық банктер мен қаржы ұйымдары үшін бірнеше дерек ұсыну нысандарын бекітеді. Оның ішінде:
– жеке және заңды тұлғалардың банктік шоттары туралы мәліметтер;
– шоттардағы ақша қалдықтары мен қозғалысы;
– активтер мен міндеттемелер туралы ақпарат;
– декларация ұсыну міндеті бар жеке тұлғаларға берілген кредиттер туралы мәліметтер;
– тауарлардың электрондық саудасын жүзеге асыратын салық төлеушілер туралы деректер;
– кәсіпкерлік қызмет белгілері бар түсімдер туралы ақпаратты ұсыну қағидалары мен тізбесі.
Негізгі жаңашылдық — жеке тұлға шоттарындағы операцияларды кәсіпкерлік қызмет белгісі ретінде танудың жаңа шекті мәні.
Бұған дейін өлшемшарт тек түсімдер санына негізделді: күнтізбелік үш ай ішінде 100 және одан да көп әртүрлі тұлғадан ақша түсуі.
Жаңа редакция бұл талапты кеңейтеді. Енді жоғарыдағы көрсеткішке қоса, дәл сол кезеңдегі барлық түсімдердің жиынтық сомасы тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыстағы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асып түсуі қажет.
Осылайша, кәсіпкерлік қызметтің белгісі ретінде:
– бір жеке тұлғаның үш ай ішінде 100 және одан да көп әртүрлі тұлғадан қаражат алуы;
– сол кезеңдегі барлық түсімдердің жиынтық сомасының ең төменгі жалақының 12 еселенген деңгейінен жоғары болуы қарастырылады.
Бұйрық банктік операцияларды автоматты түрде талдауға мүмкіндік беретін бірыңғай өлшемшарттарды бекітеді және жеке тұлғалардың кәсіпкерлік табысты жасыру тәуекелдерін төмендетуге бағытталған.
Дереккөз: Мемлекеттік кірістер комитеті