Өскеменде «ALTAI MAI» толық циклді заманауи май экстракциялық зауыты ашылды. Онда жылына 1 млн тонна өнім өндіру жоспарланған.
«Бұл еліміздің өңдеу саласын дамытудағы маңызды қадам. Инвесторлар зауытты іске қосу үшін 23,5 млрд теңге қаражат құйды. Зауытта қазір 280 адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта жұмысшылар саны 350-ге дейін артады. Осы кәсіпорынның ашылуына мұрындық болған барлық жандарға алғыс білдіремін!», - деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Шикізаттың әрбір партиясы өнімнің табиғи құндылығы сақталуы және халықаралық стандарттарға сәйкес болуы үшін көпсатылы сапа бақылауынан өтеді. Кәсіпорында қоршаған ортаға барынша аз әсер етуді қамтамасыз ететін тиімді тазарту жүйелері мен қауіпсіз қайта өңдеу технологиялары енгізілген.
Шығыс Қазақстан бойынша май өңдейтін 10-нан астам зауыт бар. Олардың жалпы қуаттылығы жылына 1 млн тонна өнімді құрайды. Ал жаңадан ашылған бұл зауыт бір жылда 74 мың тоннаға жуық өсімдік майын, 64 мың тонна шротты өңдейді.
Дереккөз: ШҚО әкімдігі