Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Ақмола облысында 12 млрд теңгеге Kokshe Arena спорт кешені ашылды
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 15 желтоқсан, 2025 | 16:49
1 мин. - оқу уақыты

Ақмола облысында 12 млрд теңгеге Kokshe Arena спорт кешені ашылды

Қайтарылған активтер есебінен салынған жаңа кешенде олимпиадалық стандарттағы залдар мен арнайы инфрақұрылымдар бар

Telegram / UKIMET
Telegram / UKIMET

Ақмола облысының Көкшетау қаласында заманауи Kokshe Arena көпфункционалды спорт кешені пайдалануға берілді. Жобаны жүзеге асыру үшін Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен 12,6 млрд теңге бөлінді.

Ғимараттың сыйымдылығы шамамен 1 мың адамға арналған. Кешенде 650 орындық көрермен залы, өрмелеу алаңы мен әмбебап спорт залы, сондай-ақ бокс, күрес, ауыр атлетика және кроссфит залдары орналасқан. Барлық залдар сертификатталған олимпиадалық стандарттағы құралдармен жабдықталған, ал халықтың мобильділігі төмен топтары үшін де арнайы жағдай жасалған.

Іргелес аумақта жеңіл атлетика аймағы, ойын спорт түрлері мен лақтыру пәндеріне арналған алаңдар, сондай-ақ демалыс аймақтары бар.

Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов, туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, қаржы министрі Мәди Такиев және Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты. Қонақтар қатарында World Boxing федерациясының президенті Геннадий Головкин және UFC аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов болды.

Айта кетейік, Kokshe Arena – қайтарылған активтер қаражаты есебінен салынған облыстағы екінші спорттық нысан. Бұған дейін Зеренді ауылында балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі ашылған болатын.

Қазіргі уақытта Ақмола облысында Арнаулы мемлекеттік қордың қаражатына барлығы 42 әлеуметтік нысан құрылысы жоспарланған, оның ішінде 14 денсаулық сақтау мекемесі, 26 сумен жабдықтау нысаны және 2 спорт кешені бар.

Дереккөз: ҚР Үкіметі

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.