Қазақстанның Денсаулық сақтау минитрлігі «Онлайн медицина» пилоттық жобасының қорытындысын жариялады. Бұл жоба 2024 жылғы 15 қыркүйекте шалғай және ауылдық елді мекендер тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін басталған болатын.
Пилоттық жоба Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Алматы облыстарын, сондай-ақ Астана қаласын қоса алғанда, елдің 9 өңірін қамтыды. Жобаға 100 медициналық ұйым мен телемедициналық шешімдер ұсынатын 7 өнім беруші тартылды.
Жобаны іске асыру кезеңінде барлығы 39 569 қашықтықтан медициналық қызмет көрсетілді. Оның ішінде: 24 923 диагностикалық қызмет, 12 645 — бейінді мамандардың консультация және 2 000-нан астамы зертханалық зерттеу жүргізілді.
Қызметтер медициналық көмектің барлық деңгейінде көрсетілді: фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаторияларда 3 718 қызмет, аудандық және қалалық ауруханаларда 35 851 қызмет орындалды.
«Ең көп қызмет Алматы қаласында 12 646, Қарағанды қаласында 2 545 және Астана қаласында 22 672 көрсетілді. Алматы облысында ауылдық аумақтар үшін ерекше әсер байқалады: барлық қашықтықтан көрсетілетін қызметтердің 94,3%-ы дәл сол жерде көрсетілген», делінген министрлік ақпаратында.
Талдау нәтижелері халық тарапынан сұраныстың басым бөлігі терапевт, кардиолог, эндокринолог және педиатр сынды бейінді мамандардың консультацияларына тиесілі екенін көрсетті. Сонымен қатар телемедицинаның ең кең қолданылған бағыттары экспресс-диагностика, 20 мыңнан астам ЭКГ зерттеуі, цифрлық стетоскоп, отоскоп және офтальмоскопты пайдалану, сондай-ақ созылмалы аурулары бар пациенттерді қашықтықтан мониторингтеу болды.
Жобаны іске асыру аясында телемедициналық технологиялармен жұмыс істеу үшін 300-ден астам медицина қызметкері арнайы оқытудан өтті.
Пилоттық жобаны үйлестіру, әдіснамалық қолдау көрсету және енгізілуін мониторингтеу жұмыстарын С. Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы жүзеге асырды. Бұл бірыңғай тәсіл мен көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Дереккөз: Денсаулық сақтау министрлігі