2025 жылғы қаңтар-қараша айларының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы тұрақты өсім көрсетіп, жалпы ішкі өнімнің артуы 6,4%-ды құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында әлеуметтік-экономикалық дамудың 11 айдағы нәтижелерін талқылау барысында айтылды.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, Мемлекет басшысының сапалы экономикалық өсуді қамтамасыз ету және халықтың тұрмыс деңгейін арттыру жөніндегі тапсырмалары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Экономиканың негізгі қозғаушы күштері саналатын өнеркәсіп саласында өсім 7,4%-ға жетсе, ауыл шаруашылығы 6,1%-ға ұлғайды.
Сонымен қатар нақты сектордың өзге де бағыттары жоғары қарқын көрсетіп отыр. Атап айтқанда, көлік саласы 20,3%-ға, құрылыс 14,7%-ға өссе, сауда көлемі 8,8%-ға артты.
«Экономика сыртқы жағдайларға бейімделіп, тұрақты даму жолына түсті. Біз базалық салаларда жеделдеу барын көріп отырмыз, бұл әлеуметтік міндеттемелерді орындау және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін берік негіз қалайды», – деді Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Дереккөз: ҚР Үкіметі