Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Roca Group компаниясымен ірі инвестициялық келісім жасалды
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 17 желтоқсан, 2025 | 10:53
2 мин. - оқу уақыты

Roca Group компаниясымен ірі инвестициялық келісім жасалды

Қызылорда облысында заманауи сантехникалық бұйымдар өндіретін жоғары технологиялық зауыт салынады

Қызылорда облысының әкімдігі
Қызылорда облысының әкімдігі

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен испаниялық Roca Group компаниясы Қызылорда облысында заманауи сантехникалық бұйымдар өндіру және құрастыру зауытын салуға бағытталған инвестициялық келісімге қол қойды. Құжатқа Қазақстан Үкіметі атынан Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ал инвестор тарапынан Roca Group компаниясының еншілес кәсіпорны – «Рока Қазақстан» ЖШС бас директоры Даниэль Эрнандес қол қойды.

Келісімге қол қою рәсімінде өңір басшысы бұл жоба Қазақстан мен Испания арасындағы серіктестік қарым-қатынастарды дамытудағы маңызды кезең екенін атап өтті.

Инвестициялық келісім шеңберінде Қызылорда облысында заманауи өнеркәсіптік кәсіпорын салу көзделіп отыр. Жаңа зауыт керамикалық санитарлық бұйымдарды, ванна бөлмесіне арналған жиһаздарды, кірістірілген су бұрқақтарын және өзге де өнімдерді өндіру мен жинауға маманданады. Өндіріс процесіне Roca Group компаниясының озық технологиялары мен халықаралық стандарттары енгізіліп, автоматтандыру, энергия тиімділігі және экологиялық қауіпсіздік талаптары толық қамтамасыз етіледі.

Жобаның жоспарланған өндірістік қуаты жылына 500 мың дана өнімді құрайды. Жалпы инвестиция көлемі 44,1 млрд теңгеден асады. Өндірілетін өнімдер Қазақстанның ішкі нарығымен қатар Орталық Азия елдеріне экспортталатын болады. Жобаны іске асыру нәтижесінде 300-ден астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.

Сонымен бірге, жоба аясында қазақстандық мамандарды халықаралық тәжірибе негізінде оқыту және олардың біліктілігін арттыру шаралары қарастырылған.

Инвестициялық келісімде мемлекеттік қолдаудың кешенді тетіктері көзделген. Атап айтқанда, салықтық жеңілдіктер беру, технологиялық жабдықтар мен қосалқы бөлшектерді, сондай-ақ шикізат пен материалдарды импорттау кезінде кедендік баждардан босату шаралары қарастырылған. Қызылорда облысының әкімдігі жер учаскесін бөліп, қажетті инженерлік және инфрақұрылымдық желілерді қамтамасыз етеді.

Келісімнің қолданылу мерзімі – қол қойылған күннен бастап 25 жыл. Roca Group өкілдері Қазақстанды географиялық орналасуы қолайлы, инвестициялық климаты тартымды және мемлекеттік қолдау тетіктері дамыған стратегиялық маңызды нарық ретінде бағалайтынын жеткізді.

Айта кетейік, Roca Group – сантехникалық жабдықтар өндірісі саласындағы әлемдік жетекші компаниялардың бірі. 100 жылдан астам тарихы бар компанияның әлем бойынша 78 өндірістік алаңы жұмыс істейді, онда 20 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Roca өнімдері 170-тен астам елде сатылып, жоғары сапасы мен инновациялық шешімдері арқылы кеңінен танылған.

Аталған жоба өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, импортқа тәуелділікті төмендету және жоғары қосылған құны бар өнім экспортын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына толық сәйкес келеді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.