Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстанда дәрігерлердің құқықтық қорғалуын күшейтетін түзетулер қабылданды
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 17 желтоқсан, 2025 | 16:31
1 мин. - оқу уақыты

Қазақстанда дәрігерлердің құқықтық қорғалуын күшейтетін түзетулер қабылданды

Биыл медицина қызметкерлеріне күш көрсетудің 58 оқиғасы тіркелген

Руслан Пряников
Руслан Пряников

Мәжіліс медицина қызметкерлеріне қатысты күш қолдану және қатыгездік әрекеттері үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге енгізілетін түзетулер топтамасын қабылдады.

Құжат Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізуді көздейді. Онда қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлерінің, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем бригадалары жүргізушілерінің өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қол сұққаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленеді.

Түзетулерге сәйкес, өмірге және денсаулыққа қауіпті емес күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту үшін 500-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.

Аталған әрекеттер ауырлататын мән-жайлармен жасалған жағдайда жаза 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру түрінде қатаңдатылады.

Өмірге және денсаулыққа қауіпті күш қолдану үшін 5 жылдан 10 жылға дейін, ал ауырлататын мән-жайлар болған кезде 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Сонымен қатар Қылмыстық-процестік кодекске осы санаттағы істер бойынша алдын ала тергеп-тексеру мен анықтауды ішкі істер органдарының құзыретіне бекітетін норма енгізіледі.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан бері елде медицина қызметкерлеріне қатысты 280-нен астам шабуыл тіркелген. Тек биылдың өзінде мұндай 58 дерек анықталған.

Медицина персоналы мен пациенттердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында қазіргі таңда республика бойынша 152 стационарда тәулік бойы полиция посттары жұмыс істейді. Сонымен қатар «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп Астана және Алматы қалаларында жедел медициналық жәрдемнің 10 бригадасын смарт-бейнежетондармен жабдықтау жөніндегі пилоттық жоба іске асырылды. Оның нәтижесінде пациенттермен жанжалды жағдайлар 90%-ға дейін азайған.

Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігі 2,1 мыңнан астам жедел медициналық жәрдем фельдшерін 3,6 мың бейнежетонмен қамтамасыз ету, медициналық ұйымдарда жасанды интеллект талдауы бар бейнебақылау жүйелерін енгізу және 636 қабылдау бөлімшесіне дабыл түймелерін орнату мәселелерін пысықтап жатыр.

Ведомство азаматтарды медицина қызметкерлеріне құрметпен қарауға шақыра отырып, қабылданған заңнамалық өзгерістер денсаулық сақтау жүйесінде қауіпсіз және тұрақты жұмыс ортасын қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.