Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Олжас Бектенов денсаулық сақтау саласын толық цифрландыруды жеделдетуді тапсырды
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 18 желтоқсан, 2025 | 12:40
1 мин. - оқу уақыты

Олжас Бектенов денсаулық сақтау саласын толық цифрландыруды жеделдетуді тапсырды

МӘМС жүйесін кеңейту, қаржылық ашықтық пен медициналық қызмет сапасын арттыру мәселелері Үкімет отырысында талқыланды

Telegram / UKIMET
Telegram / UKIMET

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының медициналық қызметтердің сапасын арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында денсаулық сақтау саласын цифрландыру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жиында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметін жетілдіру, цифрлық трансформация және МӘМС шеңберінде көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған шаралар талқыланды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен шамамен 17 млн адам қамтылған. Оның ішінде 12 млн-ға жуығы мемлекет тарапынан жарна төленетін жеңілдік санаттарына жатады. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың мәліметінше, соңғы 6 жылда МӘМС қаражатының жиынтық көлемі 6,8 трлн теңгеден асты, оның 2 трлн теңгесі – жеңілдік санаттар үшін төленген мемлекеттік жарналар. Тек биылдың өзінде бұл мақсатқа 1,4 трлн теңге бағытталған.

Кеңесте 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті кеңейтілетіні атап өтілді. Осыған байланысты жүйедегі бақылауды күшейту, ашықтықты арттыру және адами факторды азайту үшін цифрлық тетіктерді кеңінен енгізу қажеттігі айтылды. Қазіргі таңда медициналық көмектің 92%-ы автоматтандырылған, ал 2026 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ медициналық ұйымдарда Face ID жүйесін енгізу нәтижесінде жалған тіркеулер 7%-ға төмендеп, бюджет қаражатының шамамен 10,5 млрд теңгесі үнемделгені айтылды. Сатып алу, медициналық қызметтерге ақы төлеу, жоспарлау және мониторинг сияқты негізгі бизнес-процестер де кезең-кезеңімен цифрландырылуда.

Бұдан бөлек, дәрі-дәрмектерді жоспарлау мен беру тиімділігін арттыру, клиникалық хаттамаларды цифрландыру және бірлесіп төлеу тетіктерін енгізу мәселелеріне назар аударылды. Бұл шаралар пациенттерді қажетті дәрі-дәрмектермен уақтылы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Олжас Бектенов цифрландыру медициналық персоналды артық бюрократиялық рәсімдерден босатып, бөлінген қаражаттың ашық әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз ететінін атап өтті.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр денсаулық сақтау, жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктеріне цифрландыру жұмыстарын жандандыруды, ал қаржы министрлігіне денсаулық сақтау жүйесіндегі қаржылық тәртіпті күшейту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Дереккөз: ҚР Үкіметі

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.