Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Ақтөбе облысында еліміздегі алғашқы тоқыма емес материалдар зауыты ашылды
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 18 желтоқсан, 2025 | 12:51
1 мин. - оқу уақыты

Ақтөбе облысында еліміздегі алғашқы тоқыма емес материалдар зауыты ашылды

Кәсіпорын жылына 2,2 мың тонна дайын өнім шығара алады

gov.kz
gov.kz

Ақтөбе облысында алғашқы ірі тоқыма емес материалдар және жүн өңдеу зауытының құрылысы аяқталды. Кәсіпорын жылына 2,2 мың тонна дайын өнім шығара алады. Бұл туралы өңір әкімдігі хабарлады.

Зауыт жылына 3,5 мың тонна жүнді өңдей алады. Жобаға салынған инвестиция 5,3 млрд теңгені құрады.

«Жобаны іске асыру кезінде мемлекет инвестициялық субсидия арқылы техника мен жабдық сатып алу құнын 30%-ға дейін төмендетуге мүмкіндігіне жол ашты. Кәсіпорында италиялық CORMATEX компаниясының заманауи жабдықтары орнатылған. Әртүрлі сипаттағы жүндерді қабылдау бойынша ішкі ережелер әзірленіп, іске қосу және сынау жұмыстары сәтті аяқталды», делінген Ақтөбе облыстық әкімдігі ақпаратында.

Зауыттың негізгі өнімі — табиғи қой жүнінен жасалған тоқыма емес материалдар. Оны құрылысқа арналған жылу және дыбыс оқшаулағыш материалдар, жиһазға арналған төсемдер, матрастар, ватник көрпелер, кілем астары, интерьер және жиһаз толтырғыштары, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жерлеріне арналған тыңайтқыштар бағытында қолдануға болады.

Сонымен қатар құрылыс саласында зауыт өнімдері сыртқы қабырғаларды, шатырларды және басқа құрылыс бөліктерін оқшаулауда минералды ватаның экологиялық баламасы бола алады.

Әкімдік бүгінде табиғи қой жүнінен жасалған жылу және дыбыс оқшаулағыш плиталар мен орамалар, азаматтық және өнеркәсіптік құрылыс саласында жоғары сұранысқа ие екенін атап өтті.

Зауыт 2026 жылдың наурыз айынан бастап ішкі және сыртқы нарықтарға арналған әртүрлі тоқыма емес материалдарды өнеркәсіптік деңгейде шығаруды жоспарлап отыр.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.