Қарағанды облысында құны 2,5 млрд теңгені құрайтын жоғары технологиялық құрғақ бие мен түйе сүтін өндіретін зауыты іске қосылды. Кәсіпорын қазақтың дәстүрлі өнімін жаһандық брендке айналдыруды көздеп отыр.
Қарағанды іргесіндегі Үштөбе ауылында биотехнология саласындағы бірегей жоба – SaumalBioTech кәсіпорны жұмысын бастады. KaMei брендімен шығатын бұл өнімдер көне дәстүр мен заманауи еуропалық технологияларды ұштастырған. Жобаның басты ерекшелігі – өнімнің басым бөлігі сыртқы нарыққа бағытталған.
Жобаның жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрады. Құрылысы 2024 жылы басталған нысан мемлекеттік қолдау бағдарламалары аясында жүзеге асырылды. Зауыт еуропалық стандарттарға сай стерильді жабдықтармен жарақтандырылған, бұл өнім сапасының халықаралық талаптарға сай болуын қамтамасыз етеді.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өндірістің іске қосылу салтанатында бұл жобаның өңір үшін стратегиялық маңызын атады.
«Оның (кәсіпорын – ред) өнімдері экспортталатын болады. Бұл биотехникалық өндіріске шетелдік серіктестердің сенетінін көрсетеді. Біздің облыста осындай зауыт салу туралы шешім қабылданғаны үшін акционерлерге алғыс айтқым келеді», деді өңір басшысы.
Зауыт директоры Ғалымжан Мейрамбековтың айтуынша, кәсіпорын күніне 5 тоннаға дейін шикізат өңдере алады. Өндірісте сублимация – төмен температурада кептіру (пайдалы қасиеттерін 100% сақтайды) мен бүрку (Spray drying) – 100 градустан жоғары температурада өңдеу сияқты екі түрлі кептіру әдісі қолданылады.
Зауыттың экспорттық әлеуеті жоғары бағаланып отыр. Кәсіпорынның алғашқы өнімдері қазірдің өзінде АҚШ пен БАӘ-ге жөнелтілді. Алдағы уақытта жеткізу географиясын Ұлыбритания, Сауд Арабиясы, Қытай, Ресей және Еуропалық Одақ елдеріне дейін кеңейту жоспарланған.
Кәсіпорын тек құрғақ сүтпен шектеліп қалмай, келесі стратегиялық бағыты – бие сүті негізіндегі балалар тағамын шығаруды ойластырып отыр.
«Ақуыз құрамы бойынша бие сүтімен ананың емшек сүтінің жақындығы шамамен 90% құрайды. Қазір біз үшін барлық пайдалы қасиеттерді барынша сақтау үшін рецептура әзірленуде», деп атап өтті кәсіпорын басшысы.
Бұл жоба жергілікті фермерлер үшін де тиімді кооперация көзіне айналмақ. Зауыт шикізатты айналасындағы шаруа қожалықтарынан қабылдау арқылы өңірдегі мал шаруашылығының дамуына қосымша серпін беруді көздеп отыр.
Дереккөз: Қарағанды облысы әкімдігі