Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Hitachi High-Tech Europe GmbH компаниясы ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат аясында университеттің оқытушылары мен ғалымдары жапондық конгломераттың сарапшыларымен бірлесе отырып, Жапония мен Германияда орналасқан зертханаларда құрылыс материалдарын талдау бойынша қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізеді.
Меморандумға қол қою рәсімі 2025 жылғы 20 желтоқсанда Токио қаласында өткен «Central Asia + Japan» бизнес-форумы барысында өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің Жапонияға жасаған мемлекеттік сапары аясында ұйымдастырылды.
Келісім екі ел арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға, жоғары технологиялы зерттеулерді дамытуға және қазақстандық ғалымдардың халықаралық ғылыми ортаға интеграциялануына жол ашады. Бірлескен зерттеулер заманауи зертханалық базаны пайдалану арқылы қолданбалы ғылымды дамытуға бағытталады.
Hitachi High-Tech Europe GmbH – Hitachi Ltd. жаһандық тобына кіретін Hitachi High-Tech Corporation жапон корпорациясының еуропалық еншілес кәсіпорны. Компания ғылыми аспаптар мен жүйелерді, электронды құрылғыларды, өнеркәсіптік жабдықтар мен материалдарды өндіру және өңдеу саласында әлемдік деңгейде қызмет көрсетеді.
Аталған меморандум университеттің ғылыми әлеуетін арттырып, халықаралық ғылыми диалогты кеңейтуге және жаңа технологияларды бірлесіп дамытуға мүмкіндік береді.
Дереккөз: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі