Қазақстанның Қаржы министрлігі Ұлттық банк және Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, жаңа консультациялық-кеңесші орган - Мемлекеттік қарызды басқару жөніндегі кеңестің құрылғанын мәлімдеді.
Бұл бастама мемлекеттік қаржының орнықтылығын қамтамасыз етуге және еліміздің 2025-2027 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының теңгерімін нығайтуға бағытталған іс-шаралар аясында жүзеге асырылып отыр.
Министрлік мәліметінше, жаңа құрылымның жұмысы мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының тиімділігі мен өтімділігін арттыруға негізделеді. Кеңес бюджет тапшылығының алдын алу үшін мемлекеттік қарыз алу шығындарын азайту шараларын қалыптастырады. Сонымен қатар, квазимемлекеттік сектор мен корпоративті эмитенттер үшін нарықтық индикаторлар (бенчмарктер) жүйесін жолға қоюды көздейді.
Кеңес шеңберінде бірқатар маңызды міндеттерді іске асыру жоспарланған. Олар мемлекеттік қарызды басқаруға қатысты ортақ тәсілдерді әзірлеу, бағалы қағаздар нарығын дамыту және оларды ішкі-сыртқы нарықтарға шығару саясатын үйлестіру. Сондай-ақ макроэкономикалық ахуалды ескере отырып, қарыз тұрақтылығын қатаң бақылау.
«Мемлекеттік қарызды басқару жөніндегі кеңесті құру Қаржы министрлігінің, Ұлттық банктің және Ұлттық экономика министрлігінің фискалды және ақша-несие саясатын тиімді үйлестіріп, сондай-ақ бағалы қағаздардың ішкі нарығын дамыту жөніндегі міндеттерге басымдық берілгенін айғақтайды», делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Қаржылық реттеушілердің пікірінше, ликвидті бағалы қағаздар нарығын қалыптастыру - мемлекеттік қаржы жүйесінің төзімділігін арттырып, еліміздің қор нарығын одан әрі дамытудың негізгі элементі болады.
Дереккөз: Қаржы министрлігі