Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қызылорда облысында егіс алқаптарын әртараптандыру күшейді
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 22 желтоқсан, 2025 | 16:20
1 мин. - оқу уақыты

Қызылорда облысында егіс алқаптарын әртараптандыру күшейді

Су үнемдеу технологиялары енгізіліп, жаңа агрожобалар іске қосылуда

Қызылорда облысының әкімдігі
Қызылорда облысының әкімдігі

Қызылорда облысында ауыл шаруашылығын дамыту, егіс алқаптарын әртараптандыру және су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді.

Өңір басшысының айтуынша, биыл өңірдің агроөнеркәсіптік кешеніндегі инвестиция көлемі 234 млрд 800 млн теңгеге жеткен. Қазіргі таңда құны 6 млрд 400 млн теңге болатын 9 жоба іске қосылған. Сонымен қатар 2022-2024 жылдары 21 млрд 800 млн теңгеге 647 ауыл шаруашылығы техникасы алынса, биыл 4 млрд 700 млн теңгеге тағы 139 техника сатып алынған.

Су ресурстарын үнемдеу мақсатында заманауи технологиялар кеңінен енгізілуде. Биыл 60 мың гектар күріш алқабы лазермен тегістеліп, су шығыны азайтылды. Су үнемдеу технологиялары 8 100 гектарға қолданылып, өткен жылмен салыстырғанда екі есе артты. Сонымен қатар Шиелі, Қазалы және Арал аудандарында шетелдік компаниялардың қатысуымен жүгері мен жоңышқа өсіруге бағытталған үш ірі жоба іске асырылуда.

Егін шаруашылығын әртараптандырып, су үнемдеу технологиясын енгізетін шаруашылықтарды қолдауға алдағы үш жылда 34 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, су көп қажет ететін дақылдар көлемін оңтайландырып, жүгері, майлы және ылғалға төзімді дақылдардың үлесін арттыру көзделген.

Осы бағытта 2025–2029 жылдары жүгеріні терең өңдейтін Қызылорда крахмал-сірне зауыты екі кезеңмен салынады. Сондай-ақ швейцариялық «Harvest Group» компаниясымен бірлесіп, 21 мың гектарға техникалық қарасора, жүгері және соя егіп, агроиндустриялық кластер құру жоспарлануда.

Аталған жобалар өңірдің егін шаруашылығын әртараптандырып, агросаланы жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.