Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қошқар ата қоймасын рекультивациялау жұмыстары сот дауына байланысты тоқтап тұр
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 23 желтоқсан, 2025 | 16:06
1 мин. - оқу уақыты

Қошқар ата қоймасын рекультивациялау жұмыстары сот дауына байланысты тоқтап тұр

Жоба құны 17 млрд теңгеден 51 млрд теңгеге дейін қайта қаралған

gov.kz
gov.kz

Маңғыстау облысында Қошқар ата қалдық қоймасын рекультивациялау жобасы бойынша жұмыстар уақытша тоқтатылды. Бұл туралы облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистердің сұрағына жауап бере отырып мәлімдеді.

Өңір басшысының айтуынша, қазіргі таңда нысан аумағы толық қоршалып, сексеуіл көшеттерін жеткізу басталған. Жоба аясында жерді толықтай сексеуілмен көгалдандыру көзделіп отыр.

Әкімнің мәліметінше, жобаның бастапқы жобалау-сметалық құжаттамасы 17 млрд теңгеге бағаланған. Осы сомаға сәйкес мердігермен келісімшарт жасалғанымен, кейін жоба қайта қаралған.

Оның сөзінше, бүгінде рекультивациялау жұмыстары мердігер компаниямен туындаған дауға байланысты сотта қаралып жатыр. Аймақ басшысы атап өткендей, мердігер жұмыстарды бастап кеткенімен, тапсырыс беруші тарап орындалған жұмыстар актілерін қабылдамаған.

Сот процесі аяқталғанға дейін барлық жұмыстар тоқтатылған. Сонымен қатар әкім Қошқар ата су айдынына жақын орналасқан елді мекендердің малдары келуінің алдын алу үшін аумақ уақытша қоршауға алынғанын атап өтті.

Қазіргі таңда іс Жоғарғы сотта қаралып жатыр, бұған дейінгі сот инстанцияларында өңір әкімдігі тарапынан талаптар қанағаттандырылмаған. 

Еске салсақ, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев 2021 жылы өңірге жасаған сапары кезінде радиоактивті қалдықтар қоймасын 3 жыл ішінде толықтай рекультивациялау жұмыстарын аяқтауды тапсырған болатын. «Қошқар ата» қалдық қоймасының айналасында да сексеуілден жасыл қорғаныс аймағын құру жұмысы 2025 жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс еді. 

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.