«Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ «KazSat-3R» ғарыштық байланыс жүйесін құру және пайдалануға беру жобасы бойынша әлеуетті жеткізушіні іріктеуді бастады. Бұл «KazSat» ұлттық геостационарлық жүйесін дамыту жоспарының аясында жүргізілуде.
2029 жылы «KazSat-3» жерсерігі жоспарлы түрде ауыстырылады. Жобаның мақсаты – аэроғарыш және байланыс саласын дамыту, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымға қолжетімділікті арттыру, интернетке кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету.
ҚР Аэроғарыш комитеті 40-тан астам компанияға ішкі іріктеуге шақыру жолдады. «KazSat-3R» конкурсына 14 компания жауап берді, оның ішінде 2 қазақстандық және 12 шетелдік фирма бар. 2025 жылғы 15 желтоқсанда барлық әлеуетті жеткізушілерге ішкі іріктеу рәсіміне қатысуға шақыру-хабарлама жіберілді. Өтінімдер 2026 жылдың наурыз айына дейін қабылданады.
Жобаны қаржыландыру екі көзден жүргізіледі. Негізгі қаржыландыру «KazSat-3R» құнының 50%-дан астамын «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ меншікті қаражаты арқылы жүзеге асырады. Қалғанын республикалық бюджет қаражаты қамтамасыз етеді.