Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Шай, алма мен балық: Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі кеңейтілді
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 26 желтоқсан, 2025 | 11:45
1 мин. - оқу уақыты

Шай, алма мен балық: Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі кеңейтілді

Тауарлар тізбесіне 12 азық-түлік қосылды

Руслан Пряников
Руслан Пряников

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық түлік тауарларының тізбесі кеңейтілді. Сауда және интеграция министрі 2025 жылғы 23 желтоқсандағы бұйрықпен әлеуметтік маңызы бар азық түлік тауарларының жаңа тізбесін бекітті.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесінде 19 азық-түлік түрі болған. Олар: бірінші сортты бидай ұны, бірінші сортты ұннан жасалған бидай наны, рожки, қарақұмық жармасы, тазартылған күріш, картоп, сәбіз, пияз бен қырыққабат. Сондай-ақ қант, күнбағыс майы, сиыр еті, тауық еті, жұмсақ қаптамадағы пастерленген сүт, майлылығы 2,5%, айран 2,5%, сары май (тұздалмаған, майлылығы кемінде 72,5%, толықтырғыштар және өсімдік майлары жоқ), жұмыртқа, ас тұзы мен майлылығы 5-9% сүзбеден тұрған.

Алғашқы тізім негізінен әлеуметтік маңызы бар базалық азық-түлікке шоғырланса, соңғы тізім ассортиментті кеңейтіп, оған жаңа көкөніс пен жемісті, еттің қосымша түрлерін, балық өнімдерін, сүт өнімдерінің кеңейтілген санаттарын сондай-ақ шайды енгізген.

Атап айтқанда, тізілімге қызанақ (шие, жүзім сорттарынан басқа), қияр (корнишондардан басқа), алма, сүйексіз сиыр еті, тартылған ет, қой еті (оның ішінде сүйексіз), жылқы еті (оның ішінде сүйексіз), жаңа ауланған, салқындатылған және мұздатылған балық (табан, мөңке, көксерке, тұқы, сазан), тауық (ұшасы), қаймақ (лактозасызды қоспағанда), қатты және жартылай қатты ірімшік (майлылығы 40–50%) және дәмдік қоспасыз, пакеттелмеген қара шай бар.

Айта кетейік, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына тізбе бойынша әрбір жеке тауар позициясы бойынша бөлшек сауда бағаларының шекті мәні белгіленеді.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізудің жасалған шартында шекті сауда үстемесінің мөлшері міндетті түрде белгіленуге тиіс. Осы талапты бұза отырып жасалған мәміле жарамсыз болып табылады.

Еске салсақ, бұған дейін Үкімет елдегі азық-түлік себетіне талдау жүргізген болатын. Сауда және интеграция министрлігі азық-түлік инфляциясына ең көп үлес қосатын, бірақ ӘМАТ-қа кірмейтін 30 тауар түрін анықтады. Солардың ішінен тізілімге кіргізуге болатын 23 позицияны іріктеп ұсынды. Алайда тізім кеңейген жағдайда кәсіпкерлер үшін 15% сауда үстемесін сақтау және фискалдық ашықтықты қамтамасыз ету міндет сияқты жаңа талаптар қойылатыны айтылды.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.