Заң жобасы Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру аясында әзірленген. Құжат кредиттік рейтингтік агенттіктердің қызметін реттеу үшін толыққанды құқықтық негіз қалыптастыруды, сондай-ақ ұлттық рейтингтік индустрияны дамытуды көздейді.
Заң жобасының егжейін баяндаған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева өз сөзінде кредиттік рейтингтік агенттіктердің ақпараттық асимметрияны төмендетуге, капитал нарықтарының ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ инвесторлардың мүдделерін қорғауға ықпал ететін маңызды инфрақұрылымдық рөл атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар, қазіргі таңда Қазақстанда бұл саланы кешенді заңнамалық реттеу және жергілікті рейтингтік агенттіктерді дамыту үшін жеткілікті жағдайлар жоқ екенін айтты.
«Заң жобасы агенттікке танылатын кредиттік рейтингтік агенттіктерді реттеу және қадағалау бойынша өкілеттіктер беруді, оларды тану мен қадағалау рәсімдерін регламенттеуді, рейтингтік агенттіктердің жауапкершілігін арттыру үшін құқықтық негіз құруды, сондай-ақ жергілікті рейтингтік агенттіктің пайда болуы үшін жағдайлар жасауды және реттеуді халықаралық стандарттармен үйлестіруді көздейді», – деді ол.
Құжатта рейтингтік агенттіктерді қазақстандық, халықаралық және шетелдік агенттіктерге жіктеу енгізіліп, біліктілік талаптары мен оларды тану шарттары белгіленеді. Сондай-ақ рейтингтердің тәуелсіздігі мен объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында меншіктің әртараптандырылған құрылымы бар қазақстандық рейтингтік агенттіктің қалыптасуы мен орнықты жұмыс істеуіне ерекше назар аударылған.
Аталған Заңның қабылдануы Қазақстанда рейтингтік индустрияны дамыту үшін құқықтық негіз құруға, кредиттік рейтингтік агенттіктердің қызметін тиімді реттеу мен қадағалауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ ұлттық заңнаманы IOSCO халықаралық стандарттарымен үйлестіруге мүмкіндік береді дейді агенттіктегілер.