Жаңа заң нормалары медицина қызметкерлерінің, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем бригадалары жүргізушілерінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде олардың өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қол сұққан тұлғаларға қатысты қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді қарастырады. Осы мақсатта Қылмыстық кодекске арнайы жаңа бап енгізіледі.
Түзетулерге сәйкес, медицина қызметкеріне күш қолданамын деп қорқытқан азаматтарға 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе екі жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы қарастырылған. Егер бұл әрекеттер ауырлататын жағдайларда жасалса, жаза 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру түрінде қатаңдатылады.
Өмірге немесе денсаулыққа қауіпті емес күш қолданғаны үшін 500-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салу, түзеу жұмыстары, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру көзделген. Ал медицина қызметкерінің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін зорлық-зомбылық әрекеттері үшін 5 жылдан 10 жылға дейін, ал ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленеді.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Үкіметке медицина қызметкерлеріне қарсы шабуылдар үшін жауапкершілікті күшейтетін заңнамалық өзгерістер әзірлеуді тапсырған болатын.
Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, 2019 жылдан бері елде дәрігерлерге, фельдшерлерге, мейіргерлерге және медицина саласының өзге де қызметкерлеріне қатысты 280-нен астам шабуыл тіркелген. Ал биылғы жылдың өзінде осындай 58 дерек анықталған.