Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Инвестициялық омбудсмен функцияларын Бас Прокурор атқарады: Енді не өзгереді?
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 26 желтоқсан, 2025 | 11:45
2 мин. - оқу уақыты

Инвестициялық омбудсмен функцияларын Бас Прокурор атқарады: Енді не өзгереді?

Арнайы комитет құрылып, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу күшейтілді

gov.kz
gov.kz

Қазақстанда инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған институционалдық өзгерістер іске асырылып жатыр. Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанда инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Сондай-ақ Инвестициялық омбудсменнің функциялары Бас Прокурорға жүктеліп, өңірлерде инвестициялық прокурорлар институты енгізіледі.

Бас прокуратураның мәліметінше, жаңа комитет инвестициялық қызмет саласында жоғары қадағалауды жүзеге асырып, құқық бұзушылықтардың алдын алу, инвесторлардың қатысуымен туындайтын дауларды сотқа дейін реттеу және орындауға міндетті нұсқамалар шығару құзыретіне ие болады. Сонымен қатар халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты үйлестіру де комитет міндеттерінің қатарында.

Бұған қоса, инвесторлардың құқықтарын қорғау аясында «прокурорлық сүзгі» тетігі енгізілген. Бұл механизм инвесторлардың мүддесіне әсер ететін мемлекеттік органдардың шешімдерін прокурорлармен міндетті түрде келісуді көздейді. Нәтижесінде 1 100-ден астам шешім кері қайтарылып, 400 тексеру, 480 әкімшілік іс жүргізу және 210 өзге де шектеу шараларының жолы кесілді. Бұл азаматтық даулардың 32%-ға, ал инвесторлардың сотқа жүгінуінің 33%-ға қысқаруына ықпал етті.

Сонымен қатар Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, ірі халықаралық және жоғары технологиялық инвесторларды қолдауға арналған «Жасыл дәліз» механизмі іске қосылды. Қазіргі таңда бұл тетікке 137 инвестициялық жоба енгізіліп, 16 мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 5 жұмыс күніне дейін қысқартылған.

Қадағалау аясында прокурорлар жалпы құны 76 трлн теңгені құрайтын 1 790 инвестициялық жобаны сүйемелдеп жатыр. Жалпы сомасы 23 трлн теңге болатын жобаларды іске асырып жатқан шамамен 2 мың инвесторға нақты құқықтық қолдау көрсетілді. Әкімшілік кедергілерге байланысты 145 проблемалық мәселе шешіліп, негізсіз созбалаңға жол берген 326 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.

Еске салсақ, Қазақстанда инвестициялық омбудсмен институты 2015 жылдан бері жұмыс істеп келді. Бұрын бұл функция Сыртқы істер министрлігі жүйесінде жүзеге асырылып, инвестициялық омбудсменнің міндетін Премьер-Министр атқарды. Алайда бұл форматта қабылданған шешімдер негізінен ұсынымдық сипатта болып, инвесторлар үшін нақты құқықтық кепілдікке айнала алмады.

2025 жылғы желтоқсанда қабылданған шешім инвестицияларды қорғау архитектурасын түбегейлі өзгертті. Инвестициялық омбудсмен функцияларының Бас Прокурорға жүктелуі – инвесторлармен байланысты дауларды саяси-әкімшілік деңгейден құқықтық-қадағалау деңгейіне көшіру деген сөз. Енді бұл институт тек диалог алаңы емес, нақты ықпал ету тетігіне айналып отыр.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.