Алматыда 2025 жылдың басынан бері жастарды жұмыспен қамту және мансаптық дамуын қолдауға бағытталған жүйелі шаралар жүзеге асырылып жатыр. Соның нәтижесінде NEET санатындағы жастардың үлесі 6,4 пайыздан 5,8 пайызға қысқарса, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,4 пайыздан 4,1 пайызға төмендеген деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қалалық Жастар саясаты басқармасының мәліметінше, «Jasalmaty.kz» платформасына 25 мыңнан астам қолданушы тіркеліп, онда 3 мыңнан астам жұмыс беруші 5 мыңнан аса бос жұмыс орнын ұсынған. Жыл басынан бері «Jobfair365» және «SkillBridge» сервистері арқылы 1,8 мың жас маман жұмысқа орналасқан.
Сонымен қатар Жастар мансап орталығы арқылы 5 мыңнан астам жасқа кеңес беріліп, олардың 4 мыңы еңбек нарығына жолдама алған. Мансап күндері, «Жасыл ел» жобасы және Еңбек мобильділігі орталығы арқылы барлығы 19,5 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылды.