Астанада әлеуметтік саланы кешенді дамытудың негізгі бағыттары талқыланды. Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен кеңейтілген отырыс өтті. Онда елорданың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі Президент тапсырмаларының орындалу барысы және демографиялық өсімге байланысты өзекті мәселелер қаралды.
Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, 1 қарашадағы дерекке сәйкес Астана халқы 1,62 млн адамға жеткен. Жыл басынан бері тұрғындар саны 6%-дан астам өсіп, негізгі өсім көші-қон есебінен қалыптасқан. Бұл денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау жүйелеріне қосымша салмақ түсіріп отыр.
Денсаулық сақтау саласында 277 медициналық ұйым жұмыс істейді, алайда кадр тапшылығы мен жабдықталу деңгейі әлі де назарда. Білім беру жүйесінде де оқушылар саны жыл сайын 10–12 мыңға артып келеді. Жекеменшік мектептерді қаржыландыру көлемі 2025 жылы 272 млрд теңгені құрағанымен, инфрақұрылым мен педагог кадр тапшылығы мәселесі сақталып отыр.
Аида Балаева әлеуметтік саясатта басты өлшем нысандар саны емес, басқару тиімділігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, қызметтер нақты жоспарланып, ресурстар демографиялық үрдістерге сай бөлінуі тиіс. Жиын қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға әлеуметтік инфрақұрылымды алдын ала жоспарлау, кадр саясатын экономика сұранысына бейімдеу және бюджет қаражатының ашықтығын қамтамасыз ету тапсырылды.