Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Биыл Қазақстаннан қандай жаңа халықаралық әуе рейстері ашылады?
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 01 қаңтар, 2026 | 14:30
2 мин. - оқу уақыты

Биыл Қазақстаннан қандай жаңа халықаралық әуе рейстері ашылады?

Көлік министрлігі елдің авиация картасын түбегейлі өзгертпек

Руслан Пряников
Руслан Пряников

Көлік министрлігі биыл Қазақстаннан Орталық Азия, Таяу Шығыс пен Еуропаның ірі қалаларына тікелей рейстер іске қосылатынын хабарлады.

Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, биыл елімізден әлемнің ең ірі мегаполистеріне тікелей әуе қатынасы орнатылады. Басты акцент – алыс шетелге ұшу мүмкіндігін кеңейту және Қазақстанды транзиттік хаб ретінде нығайту.

Бағыттар желісін Орталық Азия мен ТМД елдеріне, сондай-ақ Таяу Шығыс, Еуропа және Азия мемлекеттеріне кеңейту көзделген. Оның ішінде Вена, Токио, Рим, Абу-Даби, Әр-Рияд, Даммам, Ларнака, Амман, Сиань, Шанхай, Үрімші, Қашғар, Варшава және басқа да бағыттар бойынша рейстер ашу жоспарланып отыр. 2026 жылдың ең басты жаңалығы – Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей әуе қатынасының ашылуы болады.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан Үкіметі 2026 жылы Алматыдан Нью-Йоркке тікелей рейс ашылатынын хабарлаған болатын. Сондай-ақ Алматыдан Жапония астанасына тікелей рейс 2026 жылдың наурыз айына жоспарланған. Air Astana мен Japan Airlines арасындағы кодшерингтік келісім жапондық туристер ағынын жылына 7 мың адамға дейін арттырады деп күтіліп отыр.

Жаңа халықаралық рейстерді қабылдау үшін еліміздің негізгі әуежайларында жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Астана мен Шымкентте екінші ұшу-қону жолақтарының құрылысы басталса, Алматыда ішкі және халықаралық терминалдарды интеграциялау жұмыстары аяқталады. Ақтау әуежайының перронына күрделі жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ, 2026 жылы ICAO-мен бірлесе отырып, азаматтық авиацияны 2050 жылға дейін дамытудың Бас жоспары әзірленбек.

Бұдан бөлек, комитет басшысы жүзеге асырылып жатқан өңірлік жобаларды да атап өтті. Биыл Атырау әуежайының жаңа терминалын салу, Павлодар әуежайын реконструкциялау, Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарындағы әуежайлар құрылысын аяқтау, сонымен қатар Арқалық әуежайын қалпына келтіру жоспарланып отыр.

Инфрақұрылымды жаңғырту шеңберінде әуежайларда JetA-1 авиаотын сақтау және құю жүйелері жаңартылады. Бұл авиакомпанияларды отынмен қамтамасыз ету мен қызмет көрсету сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.