Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова еліміздің аумағында бірқатар шай өнімдерін әкелуге және сатуға тыйым салу туралы қаулыға қол қойды. Тексеріс барысында отандық және импорттық өнімдердің құрамында адам ағзасына зиянды химиялық бояғыштар мен таңбалау талаптарының өрескел бұзылуы анықталды.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, зертханалық сараптама нәтижесінде шай үлгілерінен тағам өндірісінде (әсіресе шай үшін) қолдануға мүлдем тыйым салынған E110 («күннің батуы» сары бояғышы), E102 (тартразин) және E124 (понсо 4R) синтетикалық бояғыштар табылған.
Бұл заттар балалардың белсенділігі мен зейініне теріс әсер етіп, аллергиялық реакциялар тудыруы мүмкін. Сонымен қатар, кейбір өнімдердің қаптамасында көрсетілген өндіріс мекенжайлары шындыққа жанаспайтыны белгілі болды.
Бас санитарлық дәрігердің қаулысымен мына шай маркаларын сатуға және елге кіргізуге тыйым салынды:
1. «Апамның шәйі Premium gold» (өндіруші: «Orda Trade Astana» ЖШС, Алматы обл.);
2. «Al-Hayat» Gold (өндіруші: «Empire KENIY E.P.Z. Limited», Алматы обл.);
3. «БАЛҚИЯ Premium gold» (қаптамалаушы: «Аль-Хадия» ЖК, Алматы қ.);
4. «Pakistan tea» (өндіруші: «Real Trade Astana» ЖШС, Астана қ.);
5. «Alfarah» (өндірушісі көрсетілмеген);
6. «Aje Onim» (өндіруші: «Орда Чай» ЖК, Алматы қ.);
7. «Орда Кения» (өндіруші: «Orda Trade Astana» ЖШС, Алматы обл.);
8. «Аль-Кайрат шәйі Premium gold» (өндіруші: «Orda Trade Astana» ЖШС);
9. «Al-Jannat Premium» (өлшеп-ораушы: «Ferdaus» ЖШС, Алматы қ.);
10. «Sultan Suleyman» (өндіруші: «Real Trade Astana» ЖШС, Астана қ.).
Сонымен бірге бұл мәселеге Еуразиялық экономикалық комиссия да назар аударды. Мүше мемлекеттердің аумағында қазақстандық өндірушілердің атынан жалған әрі қауіпті шай өнімдерінің сатылып жатқаны туралы ақпарат расталды.
Қазіргі уақытта құзырлы органдар бұл өнімдерді сауда сөрелерінен алу және кәсіпкерлерге тиісті әкімшілік шараларды қолдану бойынша жұмыс істеп жатыр.