2025 жылы Қазақстанда медициналық-әлеуметтік сараптама аясында мүгедектікті белгілеуге арналған 113,1 мың өтінім сырттай форматта қаралды. Бұл куәландырудан өткен мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 42,5 пайызына тең, деп хабарлады QazMonitor-ға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Сырттай проактивті куәландыру онкологиялық аурулар, туберкулез, туа біткен және жүре пайда болған анатомиялық кемістіктер, психикалық дерттер, балалардағы бірінші типті қант диабеті, мукополисахаридоз, сондай-ақ ағза трансплантациясынан кейінгі жағдайлар бойынша қолданылады.
Былтыр нозологиялық нысандар тізбесі кеңейтіліп, оған шынайы гидроцефалия мен бір немесе бірнеше аяқ-қолдың тұрақты салдануы немесе терең парездері енгізілді. Қазіргі таңда мүгедектікті сырттай белгілеу 50-ден астам ауру түрі бойынша жүргізіледі.
Мамандардың айтуынша, сырттай куәландыру әкімшілік кедергілерді азайтып, қызмет көрсету ашықтығын арттырады және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді.