Жаңа институт көлік саласындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын мамандандырылған орталық болып табылады, деп хабарлады QazMonitor-ға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.
Оның негізгі қызметі – көлік жүйесін дамытуға арналған ғылыми-техникалық негіздемелерді әзірлеу, транзит пен логистиканы тиімді ету, көлік инфрақұрылымының беріктігі мен ұзақ мерзімділігін қамтамасыз ету, инновациялық материалдар мен технологияларды енгізу, сондай-ақ жол-климаттық әртүрлі жағдайларға көлік нысандарын бейімдеу.
ALT Университетінің ректоры Меруерт Жармағамбетова меморандумға қол қоюды отандық көлік ғылымын дамытудағы маңызды кезең деп бағалап, институтты ғылыми зерттеу нәтижелері Қазақстанның көлік жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған инновациялық экожүйеге айналатын құрылым деп атады.
Қазақстандағы алғашқы Көлік ғылымдары мен технологиялары институтының құрылуы көлік саласының ғылыми негізін қалыптастыру, транзиттік және логистикалық әлеуетті нығайту және ғылымды нақты экономикамен біріктіру бағытындағы маңызды қадам болды.