Облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұловтың қатысуымен шетелдік инвесторларды қолдау және тарту бағытындағы бірлескен жұмыс мәселелері қаралды, деп хабарлады QazMonitor-ға БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.
Кездесуге ірі инвесторлардың бірі – Vega Power компаниясының басшысы да қатысты.
Былтыр облыс делегациясы ҚХР-ға екі рет іссапармен барып, энергетика, машина жасау және агроөнеркәсіп кешені салаларындағы 19 жобаны іске асыру бойынша 11 шетелдік инвестормен меморандумдарға қол қойған.
Инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында өңірде инфрақұрылыммен қамтамасыз етудің жаңа тетігі – индустриялық аймақтарда енгізілетін «Қолжетімділік үшін төлем» механизмі ұсынылды. Бұл тәсіл инженерлік инфрақұрылымды инвестор есебінен салып, кейін шығындарды мемлекет пен индустриялық аймақ қатысушылары тарапынан кезең-кезеңімен өтеуді көздейді.
Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімдігі мен «KAZAKH INVEST» компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға, сондай-ақ Vega Power холдингінің инвестициялық жобаларын іске асыру жөніндегі жол картасына қол қойылды.