Алматы қаласының Алатау ауданында серуендеуге және демалуға арналған жаңа қоғамдық кеңістік ашылды, деп хабарлады QazMonitor-ға Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі. Жаңа жүргіншілер аймағы Үлкен Алматы өзенінің жағасында, Рысқұлов пен Райымбек даңғылдарының аралығында орналасқан.
Ағымдағы жөндеу жұмыстары барысында аумақ кешенді түрде абаттандырылып, тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінді. Мұнда шағын сәулеттік нысандар мен сыртқы жарықтандыру тіректері орнатылып, «Шаңырақ» арт-нысаны ретке келтірілді. Сонымен қатар ағаштар отырғызылып, көгалдар жасалды, заманауи автоматты суару жүйесі енгізілді. Жүргіншілерге ыңғайлы болу үшін асфальт пен кеспе тас төселді.
Жаңа аймақ қазірдің өзінде жергілікті тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие. Аудан тұрғындарының айтуынша, бұл орын балалармен серуендеуге, кешкі демалысқа қолайлы әрі қауіпсіз.