Премьер министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында Қазақстанда авиатасымал құнын төмендету және ішкі туризмді дамыту мәселесі туралы айтты, деп хабарлайды QazMonitor.
Үкімет басшысының мәліметінше, мемлекет тарапынан әлеуметтік маңызы бар және туристік бағыттарды қолдауға қомақты қаржы бөлініп жатыр.
«2025 жылы субсидиялау бағдарламасы бойынша 6,4 млрд теңге сомасына 26 авиамаршрутқа, соның ішінде туристік бағыттарға қолдау көрсетілді», делінген Премьер-министрдің ресми жауабында.
Бұл жұмыстар алдағы жылдары да жалғасын таппақ. 2026–2028 жылдарға арналған бюджет шеңберінде 69 әлеуметтік маңызы бар авиамаршрутты субсидиялау жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта авиакомпаниялар динамикалық баға белгілеу жүйесін қолданады, яғни билет құны нарықтағы сұранысқа тікелей тәуелді. Дегенмен, тасымалдың өзіндік құнын төмендету үшін Үкімет бірнеше фискалдық жеңілдіктерді енгізіп жатқанын атап өтті. Атап айтқанда 2026 жылдан бастап авиаотын импорты қосылған құн салығынан босатылады. Сондай-ақ биыл 30 маусымға дейін авиациялық отынға нөлдік кедендік баж салығы белгіленді.
Авианарықты ынталандыру үшін еліміздің 17 әуежайында «ашық аспан» режимі енгізілген. Сонымен қатар, әуе кемелері паркін жаңарту және рейстер санын көбейту арқылы бәсекелестікті арттыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл қадамдар ұсыныстың артуына және соның нәтижесінде билет бағасының тұрақтануына септігін тигізеді деп күтіліп отыр.