ҚР Жоғары аудиторлық палатасының нұсқамасы бойынша мектеп оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерді дайындау, сараптау және мониторингтеу тәртібі қайта қаралды, хабарлайды QazMonitor. Тиісті өзгерістер ҚР Оқу-ағарту министрінің 24 қарашадағы бұйрығымен бекітілді.
Жаңартылған нормалар тақырыптық жоспарды бекіту және жариялау тәртібін, авторлық ұжымға қойылатын талаптарды, сондай-ақ оқулықтарды сараптамалық бағалау өлшемшарттарын нақтылайды. Енді авторлық ұжым құрамында кемінде үш білікті маман болуы тиіс, ал оқулықтардың сапасы 5 жылдық жаңарту мерзімін сақтау мақсатында жүйелі түрде мониторингтен өтеді.
Тақырыптық жоспар автоматты түрде қалыптастырылып, баспалар мен әзірлеушілер өтінімді www.bmso.kz платформасы арқылы береді. Сонымен қатар мектеп кітапхана қорларын есепке алу, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешенді сараптамаға қабылдау процестері де автоматтандырылады.
Қабылданған шаралар оқулықтардың сапасын арттыруға, субъективтілік пен қателік тәуекелдерін азайтуға және олардың уақтылы жаңартылуын қамтамасыз етуге бағытталған.